«Жасылелдіктер» жарап тұр
Жастардың басын біріктіріп жүрген «Жасыл ел» бағдарламасы нәтижелі бастама ретінде з маңыздылығын жоймай келеді. Атырауда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XVIII маусымының жабылу салтанаты өтті. Онда белсенділік танытқан жастар орталығы мен жасақ сарбаздары 10 түрлі номинация бойынша марапатталды.
Бағдарламаға облыстағы шалғай ауылдардың жастары, əртүрлі оқу орындарының студенттері, NEET санатындағы, сондай-ақ, жұмыссыз жастардан 1756 адам қатысып, көгалдандыру жəне құрылыс бағытында жұмыс істеді. Жоба аясында бірнеше жас жұмыспен қамтылып, 21 балабақшаға жасақ сарбаздары 1000 көшет отырғызды.
Салтанатты шарада облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Злиха Таласбекова мен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай жəне газ университетінің Басқарма төрағасыректор Гүлзада Шакуликова қонақтар мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарына алғыс білдіріп, жастардың келешегінен зор үміт күтетінін жеткізді.
– Биылғы маусымда 2 мыңға жуық жас қоршаған ортаға пайдасын тигізді. Бұл шара 2013 жылдан бері ішкі саясат басқармасының мемлекеттік əлеуметтік тапсырысы шеңберінде жүзеге асып келеді. Жасақтың 70 сарбазы балабақшаларға тал отырғызуға көмектесті. Алдағы еңбек маусымына да белсене қатысуға шақырамын. Осы жасақта еңбек ете жүріп, отбасының əлеуметтік жағдайына да өзіндік үлестеріңізді қоса аласыздар. Жүректегі ақыл, қайратты сақтап, еліміздің, өздеріңіздің игіліктеріңіз үшін еңбек етіп, биіктен көрінейік, — деді Злиха Елубайқызы.
Жыл сайын «Жасыл елде» еңбек еткісі келетін жастар санының артуы да көңіл қуантады. Облыста жастардың белсенділігін арттыруға арналған жобалар да, мүмкіндіктер де аз емес. Тек оны өз керегіне қарай дұрыс пайдалану – əрбір жастың құзырындағы жұмыс.
Салтанатты шарада маусым бойы белсенділік танытқан жастар мен жастар орталықтары анықталды. «Үздік штаб» номинациясы Махамбет ауданы жастар орталығына, «Үздік жасақ» Қызылқоға ауданы жастар орталығына, «Үздік оқу орны» Атырау бизнес жəне құқық колледжіне, «Үздік жұмыс беруші» Исатай ауданы жастар орталығына берілді. Ал, «Жыл серпіні» жəне «Үздік жоба» номинацияларын Құрманғазы жəне Индер аудандық жастар орталықтары, «Үздік командир» номинациясын исатайлық Айару Шұғыпан, «Үздік координатор» бойынша жылыойлық Айзада Бисенова, «Үздік сарбаз» бойынша атыраулық Альбина Қарымсақова, «Үздік медиа маман» номинациясын мақаттық Шынарай Ғалиева иеленді.
– Жасақ сарбазы болып жұмыс істеу мен үшін үлкен тəжірибе болды. Мен жұмыс жасап қана қоймай, мақсаты айқындалған қоғамда белсенділік танытатын өзге де жастармен дос болып, уақытты тиімді өткіздім. Жоба аясында тазалық, тал егу акцияларына қатысып, шаһардың көркеюіне тамшыдай болса да өз үлесімді қостым, -деді жасақ сарбазы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Злиха Мерекеқызы.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ