Кешігіп жеткен құжат

Кешігіп жеткен құжат Жаңалықтар

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жетпіс бір жылдан асса да майданнан  оралмаған боздақтар туралы хабарды әлі сарғая күтіп, үмітін үзбегендер жетерлік. Ағайындарының қайда жерленгендерін білмей, сағынышпен өмірден озғандар да аз емес. Дегенмен, кейбірінің деректері табылып, ұрпақтарын қуанышқа кенелтіп жатыр. Солардың бірі – Тәжіден Хасанов. Жақында оның фотосуретін,  мемлекеттік  марапаттарын Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табыс ету шарасы ұйымдастырылды.

%d0%ba%d0%b5%d1%88%d1%96%d0%b3%d1%96%d0%bf-%d0%b6%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5%d0%bd-%d2%9b%d2%b1%d0%b6%d0%b0%d1%82

Тәжіденнің балалық шағы Жайық жағасында өтті. Кішкене кезінен киелі мекен – Хан Ордалы Сарайшықтың ежелгі тарихын, аңыз әңгімелерін және қазақтың ұлттық рухын көтеретін батырлық эпостарды тыңдап, бойына сіңіріп өсті. Ал, Алматы қаласында арнаулы орта білім алғаннан кейін, 1938 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Сол кездегі Кеңес Үкіметінің заңы бойынша азаматтар Отан алдындағы парызын 21 жастан бастап өтеуі керек болатын. Тәжіден 1939-1940 жылдары Фин соғысына қатысып, елге аман оралады.

Содан 1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германия Кеңестер Одағына баса-көктеп кіріп, зұлмат соғыс басталғанда, өзі сұранып майданға аттанды. Бұл 1942 жылдың мамыры еді. Сол уақытта Башқұртстан аумағындағы Кандры елді мекенінде, Қазақстан, Орта Азия және Башқұртстан азаматтарынан жасақталып, қайта құрылған 300-атқыштар дивизиясының 262-атқыштар полкында қазан айына дейін дайындықтан өтіп, аға сержант шенін алған. Кейін 3-атқыштар ротасының бөлімше командирі болып тағайындалады. 1942 жылғы 4 қазанда 300-атқыштар дивизиясының құрамында Сталинград майданына соғысқа аттанды.  Қызыл Армияның кіші командирі болған ол 87-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында 1943 жылы Сталинград майданынан бастап Қырымға дейін жауынгерлік жолдан өтті.

1943 жылы 19 желтоқсанда Херсон қаласының маңында,  Днепр өзенінің сол жақ жағалауында фашистермен кескілескен ұрыста бөлімше командирі Т.Хасанов өзінің қарамағындағы жауынгерлерді жігерлендіріп, қарсы шабуылға көтереді. Жау окопына бірінші болып басып кіріп, 30 фашистті жояды. Командирдің өзі 11 немістің көзін құртқан. Одан әрі 4-Украина, Прибалтика майдандарына қатысқан жауынгер 1944 жылғы 4 шілдеде «Красный Моряк» колхозына жеңістері туралы қуана хат жазған болатын. Бұл оның соңғы хаты еді.

Т.Хасанов 1944  жылғы 26 шілде күні кескілескен ұрыста ауыр жараланып, қаза табады. Кейін 1950 жылы ағасы Әйіш Хасанов,  бауырлары іздеу салғанымен,  «хабар-ошарсыз кеткен» деген анықтама алады. Осы жылдардан бастап анасы, бауырлары іздеп, күні бүгінге дейін ешқандай мәлімет таба алмайды. Еліміз егемендік алғаннан кейін,  Мәскеудегі КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан аталарының құжаттары, фотосуреті мен алған марапаттары табылды.

Ал, мұражайдағы кездесуде жауынгер Т.Хасановтың немере інісі, 1995-1997 жылдары Қазақстан Мұнай және газ министрінің бірінші орынбасары, «Қазақстан МұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті болған Төлеген Әйішұлы Хасанов бауыры туралы толғаныспен сөз сөйлеп, табылған мұрағаттық құжаттарды  табыс етті.

Майдангерлер батырлығын, ерлігін есте сақтау, құрмет тұту – елдіктің белгісі.

Нұрислам ҒҰМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз