АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК – ӨРКЕНИЕТКЕ ҚАДАМ

Кеше Құрманғазы мәдениет үйінде Атырау облысының VI Азаматтық форумы өтті. Оны Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жергілікті Азаматтық альянсы ұйымдастырды.
Азаматтық қоғам құру өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Осы мақсатта Қазақстанда жасалып жатқан шаруа көп. Билік пен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтаса әрекет етуіне жол ашатын тиісті заң қабылданды. Қаржыландырудың көлемі өсті. Мұндай көрініс Атыраудың өмірінде де анық байқалады. Оның бірқатарын кешегі алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жүйелеп айтып берді.

– Мемлекетіміздің саяси жүйесін қалыптастыруда азаматтық қоғам институттарының алатын орны ерекше, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Қазіргі таңда облысымызда 329 қоғамдық бірлестік тіркелген. Олар халықтың қоғамдық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, діни ахуалды тұрақтандыру, ұлтаралық татулықты сақтау жұмыстарына белсенді түрде қатысуда. Бүгінде мемлекеттік орындар мен қоғамдық ұйымдар арасында еңбек қатынастарына, әлеуметтік мәселелерге, діни ахуалға көзқарастары ұқсас, өзара түсіністік орнаған. Әртүрлі қоғамдық түйткілдерді шешу кезінде жергілікті билік орындарымен қатар, саяси партияларының, кәсіподақ өкілдерінің, әртүрлі қоғамдық ұйымдардың бірлесе атқарған жұмыстары дәлел.
Облыс әкімінің орынбасары соңғы уақыттағы үкіметтік емес ұйымдардың атқарған қызметіне айрықша тоқталды. Биыл облыста үкіметтік емес ұйымдарға бөлінген қаражаттың бұрынғыдан үш есеге ұлғайғаны да ерекшелей айтатын тұс. Сонымен қатар, форумға қатынасушыларға Шыңғыс Жұмабекұлының шетелдің озық тәжірибесін баяндауы қызықты көрінді. Байқасақ, өркениетті мемлекеттерде үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру қалыпты жүйеге қойылыпты. Яғни, қандайма компания аталған құрылымға 3 пайыз көлемінде ақша аудара отырып, өздерінің қызметтерінде салықтық жеңілдік алады. Мұндай озық үлгі бізде де өмірге енгізілсе жөн болар еді.
Алқалы жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, форум екі жылда бір рет өткізіліп келе жатыр. Оның басты мақсаты – азаматтық қоғам институттарының билік, жергілікті атқарушы органдармен әлеуметтік серіктестігі мен тиімді байланысын қамтамасыз ету болып табылады. Азаматтық форум аясында алдымен селекторлық жұмыстар жүргізілді. Ал, кеше үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобалар жәрмеңкесі, көрме ұйымдастырылды. Мұнда «Хиуаз» қоғамдық бірлестігі «Ең ерекше жоба» номинациясына ие болды. «Тарлан Атырау», «Глобус» бірлестіктері «Нәтижелі», «Ең әлеуметтік жоба» атауларын иеленсе, өзгелері де атаусыз қалмады. Оларға «Атырау облысы Азаматтық альянсы ЗТБ-нің» президенті Әлия Бекқожиева сыйлық тапсырып, құрмет көрсетті.
Үкіметтік емес ұйымдар бүгінде өмірге дендей араласып, халыққа қолдарынан келгенше көмегін жасап отыр. Соның бір мысалындай, «Жылыой Демеу» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ш.Сәрсенбаев өз үйінің ауласынан арнайы оңалту орталығын ашқан. Бұл, өз кезегінде, денсаулығы нашар балаларға дене шынықтыру емін жүргізуге мүмкіндік беріпті. Осылайша, 2012-2013 оқу жылдарында дәрігердің анықтамасы бойынша әртүрлі мерзімге дене шынықтыру сабағынан босатылған 113 оқушының денсаулығы қалпына келтірілген. Ең сүйініштісі, ем тегін көрсетіліпті.
Форумда Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева басқармалардың тарапынан салалық үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жетілдіру турасында ұсыныс айтты. Сонымен қатар, аудандарда олармен қарым-қатынас жөніндегі кеңестердің жұмыстарын жандандыру, жергілікті әкімдіктердің ауылдық жерлердегі аталған құрылымдардың қызмет жасауына жағдай туғызуы қажеттігін баяндады.
Жиын соңында форумның ұсыныстары сараланды. Биылғы жылдың 14-15 қарашасында өтетін республикалық азаматтық форумға қатысуға делегаттар құрамы бекітілді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз