Жасыл желек – жанға сая
Аtr.kz/5 маусым, 2020 жыл. Айналаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды тазартып тұратын тіршіліктің көзі – жасыл желек екені баршамызға аян. Осы бір табиғат сыйының күтімге алынуы қазіргі күні қандай деңгейде? Аймағымызды көгалдандыру бағытында нендей жұмыстар атқарылуда? Бүгін осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
ТАЛ ДА, ГҮЛ ДЕ ӨСЕДІ
Жасыл желектің көл-көсір пайдасын білген дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ұрпағына ағаш отырғызудың маңыздылығын айтқан. Табиғатты аялап, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі екендігін ұғындырған.
М ұ н а й л ы а с т а н а а т а н ғ а н аймағымызда шаһарды көгалдандыру жыл сайын жоспарлы түрде жүзеге асады. Осы негізге сәйкес, биыл Атырау қаласында 2,3 гектар жерге орама көгал төсеу жоспарланыпты. Ажарлы қаланың көркін одан сайын айшықтайтын бұл ауқымды жұмысты қазіргі күні «Нұрлы таң Ақтөбе» ЖШС мердігер компаниясы қолға алған. Аталмыш серіктестік осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен келісім-шартқа отырған. Мемлекеттік сатып алу порталында хабарланғанындай, осы құжаттың негізінде игерілетін қаржы 236 миллион теңгені құрайды. Бұл жасыл орам көгалдары облыстық және қалалық әкімдік ғимараттары алдына, Азаттық даңғылы бойына және Әуезов, Владимирский, Құрманғазы көшелеріне, Жеңіс саябағына төселуде.
Бұлардан бөлек, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасы бойынша 5 жылға жоспарланған жұмыстар басталып, осыған орай облыс орталығына 5154 түп жапырақты ағаш көшеті, 320 мың түп біржылдық гүл және 700 метр жерге бұта-талдар отырғызу қызу жүруде. Бұл жұмыстарды «КаспийДорМостСтрой» ЖШС жүзеге асыруда. Осы аталған жоба шеңберінде, қаланың орталық көшелеріндегі саябақ пен алаңдарда өсіп тұрған 53 мың дана жасыл желектерді күтіп ұстау, оларды зиянкестерден қорғау көзделуде.
САЯБАҚТАН – ЖЕМІС БАҒЫНА!
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Жеңіс саябағында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген қала әкімшілігі саябақ аумағындағы қураған ақтеректерді кесіп, олардың орнына өңір табиғатына төзімді өзге ағаштарды егу жұмыстарын қолға алды. Жаппай кесілген ақтерек ағаштары осыдан 20 жыл бұрын егіліп, бүгінгі күні олар бактериалдық жемір және бактериалдық шемен ауруына шалдығыпты. Осы себепті жапырақ жая алмай, көпшілігі қурай бастаған. Тіршілік көзіндегі бұл дертті Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми- зерттеу институтының мамандары анықтаған.
– Бүгінгі күні бұрынғы ағаштардың орнына 65 түп сары қараған көшеті отырғызылды. Ал, алдағы уақытта 750 түп шаған ағашын егу жоспарланып отыр, — деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.
Сондай-ақ, биыл осы Жеңіс саябағының аумағы кеңейтіліп, тың жерлерге 816 түп жеміс ағашы егілді. Олар негізінен алма, өрік, шие ағаштары. Бұл жұмыстарды «Атырау-Агроөнімдері» ЖШС атқаруда. Жаңа бақ болашақта тамшылатып суа- ру әдісімен күтіліп, бапталатын болады. Әзірге өскіндерді суару жұмысы арнайы көлікпен тасымалдау арқылы жүргізілуде. Аталған серіктестік жетекшісі Владимир Розметовтың айтуынша, саябақты жеміс бағына айналдыру бастамасы аймақ басшысының ұсынысымен қолға алыныпты. Бұл үшін қалалық әкімдік саябақтан 0,5 гектар жер учаскесін бөлген. Ендігі жерде көшеттер отырғызылғаннан бас- тап алғашқы жеміс бергенге дейінгі үш жыл бойы күтіп-баптауы осы серіктестік күшімен атқарылатын болады. Сөйтіп, Жеміс саябағы жеміс саябағына айналатын күн де қашық емес.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ