Алға ауылының болашағы қандай?
Екі мыңнан сәл астам тұрғыны бар Махамбет ауданының Алға ауылы – қаладан аса қашық емес, күре жолдың бойындағы елді мекен. Байырғы «Құлтай» атын иеленген көне мекеннен Жайық жағасындағы жаңа орынға көшкен ауыл тірлігі атына сай ма? Ауыл-аймақтың ахуалымен танысу, жоғарыдағы сауалға жауап алу мақсатында округ әкіміне жолықтық.
Күңгірт тартқан көне ғимараттың ішіне көңілсіздеу кіргенімізбен, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді, кез-келген мәлімет, сандарды жатқа айтқан жас әкім Расул Мусиннің әңгімесін тыңдап, кәдімгідей қуанып қалдық. Сосын арнайы сұхбат құрдық.
Басты мәселе – балабақша
– Расул Төлегенұлы, ауылдағы ең маңызды әлеуметтік нысандардың жай-күйі, проблемалары туралы қысқаша мәлімет білсек деп едік…
– Әуелі медициналық нысанды айтайын. Ауылдық округте дәрігерлік емхана бар, маман жеткілікті. Акушерлік бөлме, стоматологиялық кабинет, күндізгі екі стационарлық орын бар.
Ал, ауыл мектебінде 470 оқушы екі ауысымда оқиды. Ғимараттың негізгі сыйымдылығы – 300 орын. Сондықтан, жаңа мектеп салу керек, бұл туралы сұраныс дайындалуда.
Демографиялық көрсеткіш артып, бала саны жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан, ауыл үшін басты түйткіл – балабақша. Жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, қажетті қаржының көлемін облыстық құрылыс басқармасына жолдадық. Аудан әкімі Ринат Жанқылыштың араласуымен жаңа балабақша салу туралы келіссөздер жүргізілуде. Бас жоспарға сәйкес 160 орындық жаңа балабақшаның орны дайын. Қолданыстағы 90 орындық балабақша 1979 жылы типтік үлгіде салынған, қазір 82 бала барып жүр. Ал, кезекте 135 бала тұр. Ең күрделі мәселенің бірі – осы. Оң шешімін табады деген үміттеміз.
Бөбектер мәселесіне қатысты тағы бір айтарым, ауылдағы балалардың ойын алаңына күрделі жөндеу жүргізу керек. Қазір сыртқы қоршау салынуда. Қалған жұмыстар келесі жылы жалғасады.
– Коронавирус дертімен күрес, екпе жұмыстары қалай жүруде?
– Биыл округ бойынша 37 адам коронавирус дертімен сырқаттанды. Өкпесі 90 пайыз зақымданған Жібек Абатова есімді ауыл тұрғыны ауруханада жатып емделіп, таяуда отбасымен қауышты.
Ауылда екпе пункті бар. Вакцинация бойынша көрсеткіш – 41 пайыз. Жалпы екпе салдыратын жастағылар саны – 799. Екпе алмағандардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Әр үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Екі аптада бір рет ауылға жылжымалы екпе бригадасы келеді. Құрамында санитар-эпидемиолог мамандар, аудандық әкімдік өкілдері бар, үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Миллиард теңгенің жобасы
– Білуімізше, Жайық жағасындағы ауыл тұрғындарының біраздан бері айтып жүрген мәселесінің тағы бірі – жағалауды бекіту. Шешімін табатын болды ма?
– Расында да, өр суы кезінде жағаның құлауы тұрғындарды алаңдатады. Жайық – іргемізде, 400 метрге жетер-жетпес жерде. Жоспардан іске көшіп жатырмыз. Биыл бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлініп, оған 3200 метрлік жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер – Павлодардан келген компания. Жоспар бойынша, жаңа жағалауға тал егіліп, орындықтар қойылып, демалыс орнына айналмақ.
– Қомақты қаржы қаралған жұмыстар бақылауды қажет ететін болар?
– Әрине, жіті бақылауда. Таяуда облыс әкімінің орынбасары да арнайы келіп, егжей-тегжейлі танысып кетті.
– Мердігер – өзге облыстан. Демек жұмысшыларды да өзі алып келген шығар?
– Жоқ, олай емес. Дәл қазір жергілікті 7 адам тартылған. Енді тағы да 21 адам жұмысқа алынады.
Айта кетейін, ауылда жұмыссыздар есебінде 41 адам тұр. Бұл былтырғыдан анағұрлым аз. Өйткені, дәл осы кезде өткен жылы 110 адам есепке алынып еді. Қуанарлығы сол, жастар жеке кәсіпке бет бұра бастады.
Ауылдан адам көшпейді
– Жастар тақырыбын өзіңіз бастадыңыз. Жалғай түссек, Алға ауылы жастар үшін қолайлы ма? Әдетте, «ауылдан көшетіндер көбейіп барады» дейміз…
– Ауыл аумағы ұлғайып келеді. Жаңа қоныстанушылардың көпшілігі жастар, кіреберістегі жаңадан салынған үйлер ел арасында «Жастар ауылы» деп аталады. Қызығы сол, әдетте «ауылдан адам көшті» дегенді еститінбіз. Бізде керісінше. Қалаға жақын болғандықтан ба, ауылға көшіп келушілер көп. Сондықтан, жер кезегінде тұрғандар да жетерлік.
Соңғы екі-үш жылдан бері жеке үй салуға кедергі келтіріп тұрғаны – тиісті инфрақұрылымның жүргізілмеуі. Биыл бұл мәселе де шешімін тапты. 436 миллион теңгеге алматылық мердігер компания тиісті жұмыстарды қарашаның соңына дейін аяқтайды. Келер жылдың басында 250 адамға жер беріледі. Осылайша, кезектегі 385 адамды азайтамыз.
– Демек, «ауылда жастар үшін жағдай жасалған» демексіз ғой?!
– Иә деп, үзілді-кесілді жауап бере алмаймын. Оның бірнеше себебі бар. Ауыл жастары спорттық шараға бейім болғанымен, арнайы орынның болмауы іске қолбайлау. Бары – жазғы спорт алаңы, ол да түлектер тартуы. Шара өтетін болса, мектептің спорт залын пайдаланамыз. Заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға ұсыныс берілді. Енді оң шешім тауып, қаржысы шешілсе, жақсы болар еді!
1957 жылы саман тастан салынған Мәдениет үйі әбден ескірді. Екі рет жөндеуден өтті, бірақ енді жөндеуді көтермейді, құлау қаупінде. Қызметкерлердің күтіп ұстауының арқасында тұр. Алыс-жақынға аты танылған «Алға» халық театрына да жастар ұсыныс болса, тартынбай қатысады.
Қалаға – 80 теңге
– Ауыл қалаға жақын. Тұрғындар қалай қатынайды?
– Жақсы жаңалықтың бірі сол, тұрғындар облыс орталығына жаңа, заманауи автобуспен барады. «Ақжайық» автопаркі 4 жаңа автобус шығарды. Халыққа өте тиімді. Биылғы наурыздан бастап іске қосылды. Жолақысы – 80 теңге.
– «Төртінші деңгейлі бюджет» тиімді әдіс пе? Әкім өз бюджетіндегі қаражатқа қаншалықты иелік ете алады?
– Ауыл бюджетінің жылдық жалпы көлемі – 60 миллион теңге. Жергілікті бюджеттің ауыл әкімінің өзіне берілуі халық көп болса ғана тиімді. Өйткені, біздің ауылда 2 мыңнан астам халықтан түсетін түсім көлемі 3 миллионға жақын. Оны ауылдағы қоғамдастық талқысына салып, көшені жарықтандыруға жұмсап келеміз. Биыл орталық көшелерге заманауи лед шамдары орнатылды. Қазір 5 көшедегі жұмыс толық бітті, қалған 2 көшеге жоғарыда аталған инфрақұрылым жұмыстары аясында жүргізіледі. Сонда ауыл толық жарықтандырылады.
– Ауылға кіреберістен-ақ көзімізге шалынғаны «Елорда», «Әбілхайыр хан», «Ақжайық» аталатын көше бағыттамалары жазылған екен…
– Иә, барлық көше атауы қазақша мәнге ие. Келешекте Алға ауылының талантты да танымал тұлғалары – Халық мұғалімі Құсиын Айтқали мен өнер, спорт саласына зор үлес қосқан Махамбет Оңдағани ағаларымыздың есімін ұлығылау да жоспарымызда бар. Ауыл мектебіне Құсиын Айтқалиұлының есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Ал, көше атауларын тиісті заңнамаға сай беруге жұмыстанамыз, барлығы да жоспарлы түрде бақылауда.
Бақташы керек емес, барымташы жоқ…
– Ауыл – төрт түлік өсіруге қолайлы мекен. Биылғы жем-шөп қоры қалай?
– Мал азығы бойынша ауылды қамтамасыз етіп отырған 3 жеке кәсіпкер бар. Бір орама шөп – 9 мың теңге. Көршілес Ақтөбе мен Батыс Қазақстаннан тасып әкеледі.
Сондай-ақ, 50 гектарға екпе шөп өсіретін қожалықтар бар, олар өз өнімдері арқылы қажеттіліктерін жабады.
– Ақ адал малдың қолды болуы қиындық келтіретіні сөзсіз. Барымташылар мәселесі қалай?
– Расында да, ауыл мал шаруашылығы үшін қолайлы. Тіркелген 29 шаруа қожалығының 8-і егін, 21-і мал шаруашылығымен айналысады. Ал, мал ұрлығы биыл тіркелген жоқ. Былтыр бір қылмыс ашылды.
Әрине, ауыл үлкен жолдың бойында тұрған соң, малдың кесірінен жол-көлік оқиғалары болатыны рас. Сол кездерде «бақташы ұстасақ» деген ұсыныс та айтылды. Жалпы талқылаудан соң, «қажет емес» деген шешімге тоқтадық.
– Жас әкімсіз. Кез-келген мәселені ақылдасып отыратын боларсыз, халыққа жақынмын деп ойлайсыз ба?
– Жасым 30-да. Әрине, жастар санатына енемін. Халықпен жұмыс жасаудың зор жауапкершілік екенін терең түсінемін. Пікірлерге құлақ асып, айтқандарын тыңдаймын. Әркез бірлесіп жұмыс жасауға дайынмын, ашықпын.
– Қазіргі заңдылықтарға сай, ауыл әкімін тұрғындардың өзі сайлайды. Мерзім аяқталған тұста сізді ауылдастарыңыз қолдайды деп ойлайсыз ба?
– Ең бастысы, ауылды танитын азаматты халықтың өзі таңдауы – өте дұрыс. Сонда ғана жұмыс жүреді. Ал, бөтен адам келсе, лауазымдық міндетін атқарғанымен, халықпен бірлесе жұмыс жасау қиын болатын секілді. Сайлау барысында таңдау не таңдамау – халықтың өз шешімі.
Әзірге әкім ретінде жұмысымды жалғастырып, жоспарларды іске асыра бергенім жөн. Ауылдың атына сай, алға дами беруіміз қажет.
– Ауылдық әкімдік ғимараты да өте ескі екенін көріп отырмыз…
– Ол рас. Таяуда «жөндеуге келмейді» деген шешім шықты. Енді жаңасы салынатын күнді күтеміз.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік!
Сұхбаттасқан Гүлжан ӘМІРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ