Жас отбасы келешегіне сенімді
«Балықшы» шағынауданындағы №57 референдум учаскесінде дауыс беруге келгендер арасында Рустам Ақботин мен Айнұр Кеңесова да бар. Олар бұл тарихи сәттен шет қалмай, өз таңдауын отбасы болып бірге жасады. Отасқандарына екі жыл болған ерлі-зайыптылар қызы Дания мен ұлы Дінмұхамедті де дауыс беру залына ерте келді.
Инженер маман ретінде Рустам елдің дамуына үлес қосып жүр. Ол жалпыұлттық референдумның маңызын ерекше сезінеді.
– Бұл күн – біздің отбасымыз үшін маңызды. Біз тек өз дауысымызды беріп қана қоймай, балаларымыздың болашағы үшін жауапкершілік танытуымыз керек. Референдум – елдің дамуындағы маңызды кезең, — дейді жас маман.
Келіншегі Айнұр да отбасының белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігіне жоғары мән берген. Қай әрекетін де ақылдасып бірге шешетін жас отбасы учаскеге де бірге барып, таңдау жасауды ұйғарған.
– Балаларымыздың жақсы өмір сүруі үшін әр азаматтың өз дауысын беруі өте маңызды. Сондықтан, біз отбасымызбен келіп, өз таңдауымызды жасауды жөн санадық, – деді Айнұр.
Отбасы референдумға қатысу арқылы жастардың елдің болашағына деген сенімін көрсетті. Бұл сәт олардың отбасы үшін тек сайлау ғана емес, сонымен қатар елдің болашағына деген үміт пен жауапкершіліктің символы.
Жайна МӘЛІМҚОЖА