Атырауда су тасқыны болуы мүмкін бе? Мамандар жауап берді

15536195835c9a5a7f0f1ec9.05351131 Жаңалықтар

Жыл сайын ақпан айында облыс аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу  шаралары басталады. Биыл да бұл жұмыстарға баса назар аударылып отыр. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте төтенше жағдайдың алдын алу шаралары нақтыланып, көктемгі сең жүруге дайындық жұмыстары пысықталды.

Қайрат Асқарбекұлы аймақтағы ахуалды жіті назарда ұстау үшін аудан әкімдерінің орынбасарлары мен сала басшыларына нақты тапсырма берді.

– Соңғы күндері ауа райының күрт жылынуынан өңірдегі өзен-көлдердегі мұздың еру ықтималдығы жоғары. Ал, жұқа мұз адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мамандар тұрақты  түрде бұқарат ақпарат құралдарымен рейд жүргізіп, қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстау керек. Әлеуметтік желілер арқылы да түсіндіру-насихаттық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылсын, – деді Қ.Бекенов.

Көктемгі су тасқынының алдын алу қауырт жұмыс екені анық. Осы орайда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов су тасқынының алдын алуға барынша әзірленіп, тас-түйін дайын екендіктерін жеткізді.

Облыс бойынша мониторинг жүргізіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындық шаралары пысықталды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, төтенше жағдай орын ала қалса, қамсыз отырмау керек. Су айдындарында адам қазасын болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты өтеді. Атырау облысы бойынша анықталған қауіпті аймақтарда «Мұз үстімен жүруге тыйым салынады!» белгілері де орнатылды, – деді сала басшысы.

Мұз үстіндегі қайғылы да келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында мектептерде «Жұқа мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында онлайн режимде сабақтар өткізілген. Мұндай сабақтар облыс көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде жалғасатын болады. Сондай-ақ  ойын сауық орталықтарында  «Жұқа мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері»  туралы үгіт-насихат жүргізіліп, ескерту жадынамалар таратылып, мұздағы қауіпсіздік бағытында 9 билборд орнатылды.

«Сақтықта қорлық жоқ» деген. Облыс әкімінің орынбасары сала басшыларына жағдайды бақылауда ұстауды нықтап тапсырды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз