«Жаралансам да қызметімді атқардым…» дейді атыраулықтарды күзеткен сарбаз
ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ 5546 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫМЕН БІРЛЕСІП АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ЖҰМЫЛДЫРЫЛҒАН БОЛАТЫН. БҮГІНГІ ТАҢДА ЕЛДЕГІ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАНЫП, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛІП ЖАТЫР.
Жаппай тəртіпсіздік кезінде Атырау полкінің жеке құрамы мұнайлы астананың орталық алаңы мен əкімдігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып, əскери бөлімнің əскери қалашығын, қару-жарақ пен оқ-дəрі қоймаларын күзету жұмыстарын күшейтті. Осылайша, əскери техника мен қару-жарақтың қылмыскерлердің қолына түсуіне жол бермеді. Бұзақылық топқа қарсы тұрған Ұлттық ұланның 28 əскери қызметшісі түрлі дене жарақатын алды. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы, Жəнібек ауданы, Тау ауылында туып-өскен, қатардағы жауынгер Диас Самат. Ол жарақатына қарамастан өз өмірін қатерге тігіп, соңына дейін өз əріптестерімен бірге орталық алаңды күзетіп тұрды.
– Алғашқыда барлығы бейбіт шеру ретінде бас[1]талды. Бізге бейбіт тұрғындарға күш қолданбау туралы бұйрық берілді. Қоғамдық тəртіпті сақтау мақсатында сапта тұрғанбыз. Бір кезде топ ішінен жас жігіттер шығып, бізге шабуыл жасай бастады. Қолдарына түскен арматура, тас, тіпті газ баллондарын да лақтырды. Мен арттағы қарулас достарымды қорғап, қорғаныш қалқанын төмен түсірген сəтте ауыр зат ұшып келіп бетіме тиді. Барлығы бірін-бірі итеріп, əп-сəтте қақтығыс, төбелеске ұласты. Оң жақ бетім толықтай жарақаттанып, қан сауғалап кетті. Сонда да соңына дейін өз міндетімді атқардым, — деп сол күнді есіне алды жас сарбаз.
Қазіргі уақытта аталған əскери бөлімнің жеке құрамы полиция жəне Қарулы Күштер қызметкерлерімен бірлесіп халықтың тыныштығын қамтамасыз ету үшін əлеуметтік маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуді жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде əуежай мен теміржол вокзалының ғимараты да бар. Жалпы Алматы, Шымкент қалаларында жəне басқа да облыс орталықтарында бұзақы топпен қарсыласудың нəтижесінде құқықтық тəртіпті қамтамасыз еткен Ұлттық ұланның 394 əскери қызметшісі түрлі жарақат алып, 90-нан аса əскери техникасы сынды. Ел басына қандай күн туса да Президент нұсқауларына сəйкес, полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның əскери қызметшілері қала тұрғындарының, тұтас қоғамның қауіпсіздігін жағдайға қарамастан қамтамасыз етеді.
Ерболат СҰЛТАНОВ, подполковник,
Атырау қаласы