Жанды дауыс пен сазды әуен кеші
Мереке күндері Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі атыраулықтарға арнап «Наурыз Көктем» атты жаңа концерттік бағдарлама ұсынды.
Күнделікті ұялы телефоннан сыңғырлап жататын дайын әндерден мезі болған тұрғындар бұл күні оркестр орындауындағы жанды әуенге құлақ құрышын қандырды. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Оркестрге еліміздің Мәдениет қайраткері Рахила Ерғалиева мен оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Болат Долдашов дирижерлік етті.
Кеште халық шығармалары мен композиторларың туындылары орындалды. Әсіресе, «Жез киік», «Бабалар үні», «Жас ғасыр, Жаңа замана!» «Кездесейік», «Мерекелік Увертюра», «Адай», «Сарыарқа» «Серпер», «Шалқыма», «Жан саулем», «Елбасы», «Орақ Мамай», «Таң сыры», «Темірбектің төепесі», «Нартай сарыны», «Қарағым-ай» шығармаларына көрермендер орындарынан тұрып қол соқты.
Сондай-ақ, шетелдің класиикалық шығармалар да қалыс қалмады. Өйткені, Наурызды бүгінде елімізде тұратын 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері ортақ мереке ретінде тойлайды. Оркестр басшысы Сағынтай Көпжасаровтың айтуынша, мәдени мұра бөліп-жаруға келмейді, ол барша халыққа ортақ. Осы ретте, «Радецкий марш», «Неополетанская Тарантелло», «Весенний вальс» шығармалары өте жоғары деңгейде орындалғанын айрықша атап өткен жөн. Ал, Алпамыс балетінен үзінді көрсетілгенде жиналғандар таңданыстарын жасыра алмады.
Концертте өнер көрсеткендер ішінде дәстүрлі әнші, республикалық конкурстардың лауреаты Бақытбек Сарсенов, республикалық конкурстардың лауреаттары Абдулла Мұқанғалиев пен Гүлбану Тюлюбергенова, республикалық конкурстардың лауреаты Берік Амантаев және басқалар да бар. Сонымен қатар, алыстан ат арытып келген қонақтар да болды. Олар – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының дауреаты Абылай Тілепберген мен халықаралық байқаулардың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Нұрғалым Аманбай.
Өнерпаздар өмірден өткен өнер иелерін еске алуды да ұмытпады. Осы орайда, әнші, сазгер, лирикaлық бaритон, композитор, музыкант, Қазақ КСР-нің Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ескіндір Хасанғалиевтің әндерінен попурри орындалды. Ал, республикалық конкурстардың лауреаты Жұлдыз Сүндетқалиеваның орындауындағы «Сағым жылдар» әнімен бірге сағынышқа айналған кешегі күндер қайта оралғандай болды. Оның алғашқы орындаушысы – сыңғырлаған сазымен халық фольклорын эстрада тілінде «сөйлеткен» марқұм әнші Мәдина Ералиева еді.
Тыңдарманды тәнті еткен тағы бір шығарма – «Қапездің қоштасуы». Ақын-сазгер Қапез Байғабылұлы мұң мен зарға толы бұл әнін 1937 жылы Кегеннен Қырғызсайға айдалып бара жатып жол бойында шығарған екен. Кейін 1989 жылы баспасөзде жарияланған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ