Нұрлан Ноғаев Франция елшісімен кездесті

WhatsApp Image 2018 07 17 at 10.03.09 2 Жаңалықтар

Кеше Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ бастаған француз делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

WhatsApp Image 2018-07-17 at 10.03.08

Сұхбаттасу алдында өңір басшысы француз делегациясын Франция құрамасының Ресейдегі футболдан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады. Соңғы рет француздар әлем біріншілігінде 20 жыл бұрын жеңіп шыққан еді.

Нұрлан Ноғаев атап өткендей, бүгінгі күні Атырау облысы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді іске асырудағы белсенді және жүйелі іс-қимылдардың нәтижесінде серпінді даму үстіндегі өңірлердің бірі. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму аясында ірі ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда өңір экономиканы әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді, денсаулық сақтау, туризм салаларын дамытуда.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды, жоғары технологияларды тарту, персоналдарды әлемдік стандарттар бойынша оқыту жөніндегі тапсырмасы бар. Осы бағытта облысымызда бірқатар істер атқарылды. Біз бизнесті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық жағдайларды жасаймыз. Сіздің елден келген компаниялар бірлескен жобалар құру үшін барлық қажетті көмекті ала алатынына сендіргім келеді, – деді Нұрлан Ноғаев.

WhatsApp Image 2018-07-17 at 10.03.09 (2)

Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ облыс әкімімен екі ел арасындағы ынтымақтастық бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.

Франция Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық жасайтын елдердің үштігіне кіреді. Осы жылы екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы шартқа 10 жыл болады. Біздің компанияларымыз сіздің ел аумағындағы көптеген ірі жобаларға қатысады. Біз жаңа технологияларды ұсынуға, Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін кадрлар дайындауға қатысуға дайынбыз. Баламалы энергетиканы, мәдени байланыстарды дамыту, студенттерді Францияның жоғарғы оқу орындарына оқуға шақыру – бұл екі ел экономикасын біріктірудің бір бөлігі ғана, – деді Филипп Мартинэ.

Сонымен қатар, француз елшісі көптеген жобаларды іске асыруға және Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін форум туралы да әңгімеледі.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға болатын өте көп салалардың барын айта келе, Франция өкілдерін Атырау облысына жиі келуге шақырды.

Айта кетейік, Атырау облысының Франциямен сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың бірінші тоқсанында 854,9 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 27,6%-ға артық. Өңір аумағында француз капиталының қатысуымен 8 компания жұмыс жасайды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз