ДЕПУТАТҚА АМАНАТ АЙТТЫ

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Жеке басындағы мұң-мұқтаждары мен қоғамдық мәселелерді алға тартып келген тұрғындарды қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшесі Ким Аркадий қабылдады.

 

Қабылдауға келген Атырау қаласының тұрғыны Гүлнәр Сабиева осыдан жеті жыл бұрын пәтер мәселесіне аз қамтылған жанұя ретінде тіркелген екен. Қазір «Вокзал маңы» мөлтекауданында тұрып жатқан үйлері апатты жағдайда.  «Қыста мүлдем салқын, кәріз жүйелері де істен шыққан. Үйіміз құлатылатын ғимараттар тізіміне енгізілгенімен, әлі күнге дейін құлатылмай келеді. Барар жеріміз болмаған соң, амал жоқ апатты жағдайдағы үйді мекендеуге мәжбүр болып жүрміз» деген ол «пәтер алуға қолдау болса» деген тілегін жеткізді. Тұрғынның жай-күйімен танысқан Аркадий Ким облыс әкімі атына хат жазып, мәселені шешуге ықпал ететінін айтты.

 

Гүлайым Бисенғалиева Амангелді есімді 32 жастағы ұлының  бала жастан мүгедек екенін алға тартып, көмек сұрады. Отбасында баласы екеуі ғана тұрады. Сондықтан, бар жауапкершілік бір өзіне жүктелген. Басқасын айтпағанда, мүгедек ұлына қарайлаудың өзі қиындық тудырып отыр. Мүгедектерді оңалту орталығынан ем курстарын да мүлдем алып көрмепті. Қабылдау барысында осы жайларды баяндаған Гүлайымға қолдау көрсетілетіні айтылды.

Жеке басындағы түрлі проблемаларын айтып келушілер де аз болмады. Мәселен, Дүйсенбай Өрісбаев есімді азамат Доссор өткеліндегі тұрғындар өтінішін арқалай жетіпті. Көшеге асфальт төселмегені өз алдына, жоғары қуатты электр бағаналарының ешқандай талапқа сай еместігі тұрғындарға қауіп тудырып тұрғанын жеткізді.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз