ЖАҢА НЫСАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК: халық үшін қаншалықты тиімді?
Аtr.kz/6 мамыр, 2019 жыл. Биылдың 1 сәуірінен бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тетіктері өзгерді. Күнкөріс деңгейінің қаржылай көлемі 50-ден 70 % — ға, яғни 14 849-дан 20 789 теңгеге көтерілді.
Бұдан былай, көп балалы отбасыларға, «Алтын алқа» және»Күміс алқа» иегерлері атанған аналарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ, мүгедек балаларға тиесілі жәрдемақы, студенттер шәкіртақысы, оған қоса бір жолғы материалдық көмек сомалары жанұяның жиынтық табысының құрамынан шығарылып тасталды. Нақтысын айтқанда, ол отбасының кірісіне есептелмейтін болды. Енгізілген осындай өзгерістерге байланысты, биыл облыста атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 10 500-ден 15 941 адамға өседі деп жоспарлануда.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаевтың мәлімдеуінше, 2019 жылы облыс бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлерін төлеуге бюджеттен 2 306,3 млн.теңге қаражат қаралған. Соның ішінде, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 1 201 отбасындағы 6 377 адамға 146,4 млн.теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Одан бөлек, осы жылдың 1 сәуіріне дейін аз қамтылған отбасыларының коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында 505 отбасына 5,8 млн.теңге сомасында тұрғын үй көмегі белгіленіп, беріліпті.
Сонымен қатар, үйде тәрбиеленетін және оқитын 338 мүгедек балаға 4,0 млн.теңгенің материалдық көмегі көрсетіліп отыр. Оған қоса, жергілікті өкілді органдардың шешімімен әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына жататын 1 838 адамға 62,0 млн.теңгені материалдық көмегі берілген болып шықты. Сол сияқты, «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында 1,5 мың адамға 24,0 млн.теңге көлемінде қайырымдылық көмегі ұсынылды.
Жоғарыда айтылып кеткендей, жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлерін төлеу тәртібінің өзгеруіне орай, биылғы 1 сәуірден бастап халықты әлеуметтік қорғау органдарына 12 мыңнан астам адам хабарласып, тиісінше кеңестер алған. Бір айда барлығы 3 453 отбасының (20 362 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініштері қабылданып, ақпараттық жүйеге тіркелген. Солардың арасынан 1 889 отбасына (10 848 адам) немесе өтініштерін жолдап, құжаттарын тапсырғандардың тең жартысынан астамына атаулы әлеуметтік көмектері тағайындалып, соған сәйкесті есептелген 178,9 млн.теңге төленген. Қалған өтініштер де заңдылықтарға сәйкес қаралу үстінде.
Және бір білгеніміз, жаңа тәртіп күшіне енгенге , яғни 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алып келген 862 отбасына (4 838 адам) қатысты 85,3 млн.теңгеге қайта есептеу жүргізілген. Осылайша, сәуір айының соңында облыс бойынша 2 469 отбасына (14 312 адам) 228,8 млн.теңгенің атаулы әлеуметтік көмегінің төленуі қамтамасыз етілген. Өзгерістердің негізінде атқарылатын іс-шаралар мен орындалуы тиісті тапсырмалардың тізімі барлық деңгейдегі халықты әлеуметтік қорғау құрылымдарына жолданып, мерзімдері атап көрсетілген.
-Атқарылған жұмыстардың қорытындысы, биылғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, сәуір айында аймақта мемлекеттік атаулы әлеуметтік алушылардың саны екі есеге жуық өскенін байқатты. Осы мәселеге байланысты азаматтардан өтініштерді қабылдау, тағайындау және төлеу шаралары одан әрі жалғаса береді. Бұған қажетті қаражат жеткілікті. Жаңа нысандағы атаулы көмектің көп балалы отбасылары мен басқа да әлеуметтік осал топтарды қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді,-деді салалық басқарма басшысының орынбасары Көңілқос Керейұлы сөзінің соңында.
Дәулетқали АРУЕВ