Жаңа мектеп пен балабақша Астана күніне арналған тарту болды

  Астана күні қарсаңында Атырауда екі бірдей білім беру мекемесі жаңадан пайдалануға берілді. Оның бірі облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия болса, екіншісі – Вокзал маңы ықшам ауданындағы №34 «Нұрбөбек» балабақшасы.

БІЛІМДІГЕ – ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

  zhanamektep2Осыдан 25 жыл бұрын республика көлемінде тұңғыш ашылған ұлттық гимназиядан ұшқан түлектер бүгінде еліміздің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып жүр. Ал, осыдан екі жыл бұрын «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» ерікті бағдарламасы шеңберінде аталмыш білім ордасының құрылысы басталған болатын. Жаңа білім ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әлеуметтік жауапкершілігін сезінген аталмыш компания Атырау облысына жыл сайын 20 миллион доллар қаражат бөліп отырғандығын айтты.

– Биыл Елордамыз – Астананың 18 жылдығын тойлағалы отырмыз. Астана – қазақстандықтардың мақтанышы. Бұрын беймәлім болған қала, қазір сәулетті орталыққа айналды. Елбасымыз өскелең ұрпаққа мектепке дейінгі тәрбие беру, орта және жоғары оқу орындарында білім алып, өздері таңдаған мамандық иелері атанып, еліміздің дамуына үлес қосуын әрдайым басты назарда ұстап келеді. Және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне бұған барлық жағдай жасауды тапсырды.

  Бүгін сол тапсырманы орындаудың тағы бір айғағы ретінде шетелдік инвесторлардың инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қаражаты есебінен тұрғызылған 320 орындық ұлттық гимназия есігін айқара ашып тұр, – деді Нұрлан Асқарұлы. Республикадағы үздік 100 мектептің қатарына енген гимназияның жаңа ғимараты заманауи талаптарға сай барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Оқушыларға сапалы білім, тәрбие ала отырып, спортпен шұғылдануға, өнерін дамытуға толыққанды жағдай жасалған.

  zhanamektep3Салтанатты шарада сөз алған «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Имир Боннер компания құрылғаннан бері Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 1,18 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйғанын айтты. – Ерікті бағдарлама аясында компания облыстық әкімдіктің қолдауымен көптеген әлеуметтік жобаларға өз үлестерін қосты. Ауруханалар, емханалар, электр және су жүйелері, мәдени ошақтар, балабақшалар салынды. Теңізден алғаш мұнай алына басталғанына 25 жылдығы тұсында компания ұлттық гимназия құрылысын сәтті аяқтап отыр. Құрылысты жүргізген мердігер мекемеге алғысымызды білдіреміз, – деп, серіктестік атынан Алғыс хат тапсырды. Жаңа ғимараттың басты ерекшелігі сол – мұнда оқу корпусы мен төрт қабатты жатақханасы да іске қосылды. Ұлттық гимназия директоры Нұрлыбек Дауымовтың айтуынша, мұнда аудандардан келген 110 бала жатады. Енді ауыл балалары еш алаңсыз білім ала алады. Сонымен қатар, спорт залы, 210 орындық акт залы, конференц-залдары, кітапхана, пән кабинеттері электронды тақталармен жабдықталған.

– Оқу орнында 7-11 сыныптар аралығында 320 оқушы білім алады. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Биыл жеті түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанса, жеті оқушы халықаралық білім байқауларының жүлдегері атанып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды.ҰБТ көрсеткіші – 101 баллды құрап, облыс бойынша жоғары дәрежеге қол жеткіздік. Басты жетістігіміз сол – гимназияны бітірген шәкірттердің біразы қазіргі таңда осы оқу орнында жастарға білім беруде, – дейді ұлттық гимназия директоры Нұрлыбек Дауымов. Бір кездегі шәкіртіміз, гимназияның алғашқы түлектерінің бірі Эльмира Қуандықова 18 жылдан бері аталған білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. – Мұндай зәулім ғимараттың пайдалануға беріліп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, Астана күні, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы біздің гимназияның да 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасымыз: «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деп атап өтті. Бүгінде Мемлекет басшысының білімге терең мән беріп, қолдау көрсетіп, осындай мектептерді түкпір-түкпірден ашып жатқанының куәсі болып отырмыз, – дейді Эльмира Қуандықова. Білім ошағының кілті табысталып, Имри Боннер мен ардагер ұстаз Дариға Жалмұқанова керілген лентаны қиды.

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ

zhanamektep4 Вокзал маңы ықшам ауданында ашылған 280 орындық №34 «Нұрбөбек» бөбекжайы – «Теңізшевройл» мекемесінің «Игілік» бағдарламасы аясында тарту етіп отырған төртінші балабақшасы. Екі қабаттан тұратын тәрбие ошағы 12 аралас топқа негізделген. Мұнда қырыққа жуық маман жұмысқа қабылданған. Тұрғындардың қуаныштарын бірге бөліскен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев балабақша салуға қолдау көрсеткен «Теңізшевройл» компаниясына алғыс білдірді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрыннан қалыптасып қалған экономикалық-саяси гуманитарлық қоғамдағы барлық қатынастар үзілген кезде мемлекетті дамыту үшін қомақты қаражат қажет болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы жағдайларды ретке келтіру, елді дамытуға жағдай жасау үшін шетелдік инвесторларды тартты. Солардың алдыңғы қатарында америкалық «Шеврон» компаниясы болды. Бүгінгі күнде «Шеврон» компаниясы құрған «Теңізшевройл» ЖШС еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді, – деді аймақ басшысы. Ал, «Теңізшевройл» компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Имри Боннер серіктестік «Балалар – біздің болашағымыз» деген қағиданы ұстанатынын айта келе, балабақша құрылысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтаған «Орлан» ЖШС басшылығына алғыс білдірді. Салтанатты шарадан соң облыс және ТШО компаниясы басшылары балабақшаны аралады. Мұнда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған: балалардың дамуына және белсенді қозғалысына мүмкіндік беретін ойын алаңдары, әр топтың жатын, ойын бөлмелері, тамақ ішетін орындары, соңдай-ақ, музыка, драма, дене шынықтыру залдары бар.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз