Жарнама
Жаңалықтар

Жабайы сауда жойыла ма?

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Атырауда заңсыз сауда жасайтындар бар. Сауда орындарына рұқсатсыз шетелдіктерді тартатын деректер де кездеседі.

Оны анықтау мақсатында қала әкімі жұмысшы тобын құрған болатын. Зерделеу көп олқылықтың бетін ашып отыр. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов пен Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

Алыс-жақыннан келген жұрт қажеттісін «Дина» базарынан табады. Мұнда сауда жасайтындардың көпшілігі – өзбек, қарақалпақ ұлтының өкілдері. Олар Қазақстанның шекарасынан көші-қон карточкасына «арнайы» қонаққа немесе «жеке» деп көрсетіп өтеді. Үй қызметшісі ретінде шаруашылыққа, бау-бақша, қосалқы жұмыстар үшін деп үш айға рұқсат алып алады. Содан соң олар бақылаудың аздығын пайдаланып, ойларына келгенін жасайды. Яғни, көбінде заңсыз саудамен айналысады.

– Еліміздің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес, жыл сайын жұмыс жасау квотасы беріліп отыр. Бүгінде шетел азаматтары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығына сәйкес, квота арқылы жұмысқа келуде, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.

Мұнайлы өңірде жұмыстың көзі көп. Дегенмен, аз жалақыны жұрттың бәрі менсіне бермейді. Осы себептен шаруа қожалықтары өзбектерді еңбекке тартуға мәжбүр болуда. Олар демалыс күндері де уақытпен санаспай, тер төгеді. Қала көшелерінің бұрыш-бұрышында шағын лашық тігіп, көкөніс сатып отырғандар да солар. Осы тұста қоғамның пікірі екіге жарылатындығы байқалады. Әлеуметтік желіде шағымданушылардың бірі «жабайы базар» туралы баяндаса, келесі топ мұндай саудасаттықтың тұрғындарға тиімді, алысқа бармай-ақ іргеден саудалауына жағдай жасайтынын айтады. Сонда бұл проблеманы қалай шешуге болады?

– Мәселенің шешімі бар. Алдағы уақытта облыс орталығында Нұр-Сұлтан қаласының үлгісімен сауда орындарын салу көзделіп отыр. Мұнда жыл бойы жемісжидек, тұрмысқа қажетті заттар, тағы басқалары сатылады. Осы мақсатта саттыққа 76 жер телімі ұсынылуда. Оны алған кәсіпкерлер белгіленген орынға бірыңғай эскиздік үлгідегі, жеңіл құрастырмалы құрылғылардан нысан тұрғызады. Қазірдің өзінде тілек білдірушілердің қатары көп, — деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.

Жыл басынан бері жұмысқа орналасуға рұқсат алмастан орналасқан 547 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Оның 107-і жабайы базарларда сауда жасаған болып шықты. Бүгінде шетел асып келген 7 адам Қазақстан аумағынан шығарылып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button