Атырауда биыл 300-ден астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілді

f722526e310f6b66fdd0011e8dcd9589 696x392 1 Жаңалықтар

Былтыр «Отбасының цифрлық әлеуметтік картасы» ақпараттық жүйесі пилоттық негізде іске қосылған болатын. Цифрлық картаның басты бағыты – өмірде түрлі кедергілерге кезіккен, қиын жағдайда қалған адамдарды анықтауға және қажеттілігіне қарай проактивті форматта әлеуметтік қолдау шараларын белгілеуге бағытталған. Осы ақпараттық жүйені іске асыруды үйлестіру мақсатында Атырау қаласы мен аудандарда жауапты штабтар құрылып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында өткен облыстық штаб жиынында ақпараттық жүйенің жұмысы туралы айтылды.

– Пилоттық жоба іске қосылғалы бері, жауапты мамандар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алуға тиесілі адамдардың деректерін жинақтап, ескірген ақпараттарды жаңартып жатыр. Бұл жұмыстарды жалғастырып, жүйелі түрде азаматтардың деректері туралы «ақпарат көзін» қалыптастыруымыз қажет. Оның нәтижесінде, азаматтарға тиесілі мемлекеттік қолдауды толық көрсете аламыз, – деді, басқарма басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев.

Бүгінде бұл жүйеге мемлекеттік жәрдемақылардың 9 түрі және ат аулы әлеуметтік көмек тағайындау қызметтері енгізілді. Осы аталған қызметтер бойынша 2 129 адамға смс-хабарлама жолданып, 953 адам ақпаратын растаған. Осылайша, өткен жылы 628, биыл 328 адамға ешқандай құжатсыз белсенді (проактив) түрде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Бұл жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Мәселен, өткен жылы жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі енгізілсе, биыл әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер қосылады. Ал, келесі жылы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. Басқарма өкілдері осы бағытта штаб мүшелері тарапынан әр сала бойынша шұғыл жұмыстар жасап, көрсеткіштерді төмендету бағытында шаралар алыну қажеттігін қаперге берді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз