Жарнама
Жаңалықтар

«ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР»

 

— Қоғам және мемлекет дамуы жолында ерік-жігері мен білім-білігін аянбай жұмсап жүрген жас мамандарды бүгінгі марапаттарымен құттықтаймын. Тарих еншісіне енгелі отырған 2015 жыл  қала үшін молшылықтың, береке мен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың салтанат құрған мерейлі сәті ретінде есте қалды. Шырайлы шаһардың бірлігі мерекелі, тірлігі берекелі болуына ұйытқы болып, беделінің артуына сүбелі үлес қосқан жас жыл үздіктеріне ел ықыласы ерекше. Сіздер қиындығы мен қызығы қатар жүретін «Өмір» атты айдынның ыстығы мен суығына төзіп, түрлі қызмет саласын дамытып отырсыздар. Соның өзі — үлкен еңбек. Бір жылда төгілген маңдай тердің жемісі, қоғамға қосқан үлес, бәрі де оңайлықпен келмейді. Уақыт бедерінде еліміздің орасан зор жылдамдықпен дамуында сіздердің қолтаңбаларыңыз бен күш-жігерлеріңіз жатыр. Ел болып ертеңге қадам басу — бәріміздің ортақ мүддеміз. Егемен ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, — деді ол.

Бұл жастар сыйлығы барлығы 16 номинация бойынша тағайындалды. Үздік жастар ұйымы болып «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігі танылды.  Ал «Үздік еріктілер тобы» атағына «Жүректен-жүрекке» еріктілер тобы қол жеткізді.

Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының «Атырау қаласы жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мекемесінің басшысы Жасұлан Бисембиев «Үздік көшбасшы» атанды.  Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XVII көшпелі отырысының жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. ҚР Білім және ғылым вице-министрінің, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының, Атырау облысы әкімінің, Атырау облыстық мәслихатының Алғыс хаттарымен марапатталған.

«Global Water Soil Solution» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Мәжитов» жеке кәсіпкерлігінің директоры Асыланбек МӘжитов «Үздік кәсіпкер» атанды.Ол 2009 жылы сату және қызмет көрсету саласы бойынша компьютерлік компанияның негізін қалап, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында тәжірибеден өткен.

«Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясы бойынша Атырау қаласы әкімі аппараты жалпы бөлімінің мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Серік Қадыров жеңімпаз болды.Бұған дейін де ол Президенттік, Парламенттік және жергілікті деңгейдегі сайлауларды қала көлемінде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Атырау қаласының Ішкі істер басқармасы Әкімшілік полиция бөлімі, Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Арман Құбашев «Үздік тәртіп сақшысы» атанды. Биыл ол әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 181 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырып, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол көлік оқиғаларын азайту мақсатында көптеген профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырған.

«Жалпы орта білім беретін мектептер арасында үздік мұғалім» атағын  Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп гимназиясының ІІ санатты география пәнінің мұғалімі Қуандық Қожамжаров иемденді. «Жас мұғалім – 2015» байқауында шығармашылық тәжірибе мен кәсіби шеберлігін танытып, жүлделі ІІІ орын иеленген.

Ал, «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің І санатты оқытушысы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақназкен Байжан «Кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының үздік мұғалімі»  атанды. «Актер өнері» бөлімінің жас меңгерушісі өнерлі шәкірттерге дәріс береді. Ол тоғызқұмалақтан Тәуелсіздік күніне арналған лицей және колледж мұғалімдерінің арасындағы облыстық спартакиадада І орын иеленген.

Аталмыш байқауға әріп-тесіміз, облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің экономика және әлеуметтік мәселелер бөлімінің тілшісі Амандық Абдолов та қатысып, «Үздік журналист» атанды. Биыл ол облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында жарық көрген материалдары бойынша журналистер арасындағы шығармашылық конкурста облыс әкімінің ынталандыру сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, аталған басылымның тағы бір тілшісі Айгүл Ертілеуова конкурс дипломанты атанды. Ал, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Максим Стадниченко Алғыс хатпен марапатталды.

«Үздік мәдениет қайраткері» болып Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әншісі Айбар Ғаниұлы атанды. Жас дарын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен республикалық студенттер олимпиадасынан жүлделі оралды. «Үздік мұнайшы» деп ««Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобалау және өңдеу сараптамасы бөлімінің технигі Алтынбек  Марданов танылды. Жас маман мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиясы ғылыми-зерттеу институты» бас директорының Құрмет грамотасымен,  «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу институтының» «Ең үздік жас қызметкер» дипломымен марапатталған.

Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің ІІІ курс студенті, муайтайдан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Әлішер Мұхтаров «Үздік спортшы» атанды. Былтыр Малайзия елінде ересектер мен жастар арасында, биыл Польшада ересектер мен жастар арасында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанды.

«Үздік дәрігер» номинациясында еңбек жолын №2 қалалық емхананың дәрігер-педиатры болып бастаған Зергүл Есенғалиеваның есімі аталды.

 «MILANA» фотостудиясының директоры Вадим Мусин «Үздік фотосуретші» атанды.Литва, Канада, АҚШ, Германия, Ресей, Украина елдерінде білікті фотографтардан білімін шыңдаған. Аталмыш фотостудия биыл Халықаралық той федерациясының мүшелігіне енді.

«Үздік студент» деп атануға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің информатика мамандығының 4-курс студенті Асылай Бекетова лайық деп танылды. Ол жаратылыстану-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдар бойынша республикалық жас ғалымдар байқауында топ жарған.

Ал, жастар сыйлығының ең басты жеңімпазы – «Жыл үздігі – 2015» болып Атырау облыстық кардиологиялық орталығының қан-тамыр хирургиясы  бөлімшесінің ангиохирург-дәрігері Ерлан МӘдешов танылды. Ол 2011 жылы Санжар Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп, дәрігер-хирург болып еңбекке араласқан. Университетте білім ала жүріп, Алматы қаласының жедел жәрдем стансасында санитар, фельдшер болып жұмыс жасаған. Кейіннен  еңбек жолын Атырау облыстық кардиологиялық орталығында дәрігер-хирург ретінде жалғастырған. Ал, 2012 жылы ангиохирургия бойынша қайта даярлау курсынан өтіп, қан-тамыр хирургы атанады. Былтырдан бері қан тамырларын ультрадыбыстық зерттеумен айналысады. Ресей Федерациясында «Қан тамыр ауруларының ультрадыбыстық диагностикасы», Мәскеу қаласының Бакулев атындағы Жүрек-қан тамыр хирургия ғылыми орталығында кәсіби біліктілігін арттырды. Халықаралық ғалымдардың қатысуымен ұйымдастырылған Қазақстан хирургтарының III конгресі, Астана қаласында өткен  еліміздің қан тамырлары хирургтарының   I съезіне белсене қатысты. Биыл ол 200-ге тарта ота жасады, соның жүзге жуығы күрделілер санатында.

Міне, биылғы жылы озат оқу мен ерен еңбектің нәтижесінде өз ісінің үздіктері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Алдағы мешін жылы да әр жас маман жаңа биікке көтеріліп, зор белестерді бағындыратынына сенім білдіреміз.

А.Шамар.

Суреттер Ә.Әбілғазиевтікі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button