ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҚТЫҚ!..

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Аманжол Қабдешовтің мәлімдеуінше, 2014-2015 жылдардың қысқы кезеңіне облыс бойынша барлығы (шаруашылық құрылымдары мен жеке секторды қоса есептегенде) 521 500 бас қой-ешкі, 148 500 бас мүйізді ірі қара, 52 900 бас жылқы және 28 100 бас түйе малы қыстаққа түскен. Олар жалпы саны 585 қыстақ орнында қыстатылды.

Бүгінгі таңда облыста асыл тұқымды мүйізді ірі қара, қой мен жылқы түлігін өсіретін 13 шаруашылық болса, 650-ге тарта шаруашылық құрылымының иелігінде 1000-ға тарта ауыл шаруашылығы техникасы бар. Шаруашылықтар құрама мал азығына сұранысын қанағаттандырып, қамтамасыз ету үшін әр ауданда жеткізуші операторлар тағайындалған.  Олармен жасалынған меморандумға сәйкес 500 тоннадай кебек жем төмендетілген бағамен сатып алынған.

Және бір білгеніміз, тек өткен жылдың өзінде 80-нен астам шаруашылық пен шаруа қожалығына мал тұқымын асылдандыру, малдың өнімділігі мен өнім сапасын арттыру бағытында қолға алған жұмыстарына қаржылай қолдау көрсету үшін 330,0 мың теңге сомасында субсидия (қайтарымсыз қаражат) берілген. Бұл үрдіс ағымдағы жылы да жалғасын табады. Оның үстіне, мал шаруашылығымен шұғылдануға ниеттеніп, бизнес-жобаларын ұсынған ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру шаралары да қарастырылады.

Атап айтар бір жайт, соңғы жылдары өңірімізде төрт түлік санының күрт өсімі болмаса да, барының бір деңгейде, мейлінше тұрақты сақталғандығы байқалады. Ал, облысымыздың ең малды өңірлері саналатын Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарында жылқы түлігінің қатары 126 пайызға артқан. Керісінше, өзге түрлерінен біраз кеміген. Қалған аудандарда бұл жағдай бірқалыпты екендігіне көз жеткізілді. Ең бастысы, мал басының орынсыз шығынына әкеп соқтыратын қауіпті жұқпалы аурулардан аман екендігін аңғардық.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз