Жұмыс іздеп жүрсіз бе?
Тәжірибе мен еңбек өтілінің жоқтығы жастардың жұмысқа орналасуына көп кедергілер келтіруде. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тиісті шаралар да алынуда. Соның бір көрінісі – Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі.
Қос қолын қалтаға салып алып, әрі-бері сенделіп жүрген жастар мұндай шараға көп келеді. Бұл жолы да солай болды, ұзын-саны 2000-ға жуықтайды. Жұмыс берушілер де қарап қалмады, 300-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында – «Аспар Қашаған», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Intex steel», «Western recruitment agency» , «Тұрғын үй және құрылыс жинақ банкі», «Fircroft Kazakhstan», «Norsec Delta Projects», «People of service», «BAIZAAR», «ГЛОБУС НОРД-ВЕСТ», «Toyota center», «Ritm Oil», «Ideal Market», «Logic Services Kazakhstan», «Альфа Банк», «Марко», «Болашақ Атырау», «Рубеж Секьюрити», «Сункар Секьюрити», «TESLA ТАН», «Бірыңғай жинақтаушы қоры», «Fluor Kazakhstan Inc» және басқа да мекемелер бар.
Жәрмеңкенің нәтижесінен байқағанымыздай, дəнекерлеуші, сантехник, техника қауіпсіздігі инженері, құрылыс сатысын құрастырушы, экономист, құрылысшы-монтаждаушы секілді мамандықтарға сұраныс өте жоғары. «Жәрмеңке болатынын естіп, Орал қаласынан арнайы келіп тұрмын. Білімім – орта болғанымен, осыған дейін аспазшы қызметін атқардым. Алдағы уақытта да сол салада еңбек еткім келеді» дейді келушілердің бірі Айгүл Қажығалиева. Ал, жұмыс беруші «Болашақ Атырау» компаниясының маманы Асылай Жолдыбаева аталған мекемеге эколог, дәнекерлеуші, қауіпсіздік қызметінің координаторы және көптеген техникалық маман иелері қажет екенін айтады. «Жұмыс іздеушілерге қоятын талабымыз көп емес. Бастысы, арнайы сертификатталған мамандар қажет. Сондай-ақ, еңбек өтілімі талапқа сай келсе, жетіп жатыр. Қолдан келгенше жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға тырысамыз» дейді ол. Сол сияқты, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Расул Каримоллаевтың сөзінше, қазір өрт сөндірушілер, арнайы автокөлік жүргізушілері, бас есепшілер жетіспейді. Егер жасы 35-тен аспаған және әскери билеті бар тұрғындар болса, қызметке қабылдана алады.
*Сіз не дейсіз?
Нұрлыбек АБУЛХАЙЫРОВ,
Атырау қаласының тұрғыны:
– Мамандығым – химик-технолог. Соған сәйкес келетін жұмыс іздеймін. Ғаламтор желісіндегі жарнамадан «Каспиймұнайгаз» және «Қазмұнайгаз» филиалдары ұсынған бос жұмыс орындарын көрдім. Сондай жарнамалар мейлінше көбірек жарияланып тұрса жақсы болар еді.
Аида БАЗАРБАЕВА,
жастар ресурстық орталығының маманы.