Тоқыма фабрикасы тоқырап қалмай ма?

Мәжіліс депутаттары – ел ішінде Жаңалықтар

Атырауға іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кеңес Абсатыров жүн өңдеу және жүн өнімдерін шығарумен айналысатын «Caspiy Lana Atyrau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы жұмыс барысымен танысты.

Мәжіліс депутаттары – ел ішінде

«Caspiy Lana Atyrau» – түйе және қой жүнін бастапқы өңдеуден дайын тоқыма өнімдеріне дейін жеткізетін бірегей жоба. Бүгінде өңделген жүн өнімдері Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарымен қатар, Астана қаласындағы төрткүл дүние көз тіккен                «Экспо-2017» көрмесінде сатылуда.

Фабрика директоры Назгүл Есмаханова сапасы жоғары, әрі экологиялық таза болғандықтан, әсіресе, шетелдіктердің түйе жүнінен жасалған өнімге қызығушылық танытатынын айтты.

– Қазіргі уақытта өндірісте 50 адам жұмыс жасайды. Болашақта кәсіпорын тағы да 70-ке жуық жұмыс орнын ашпақ. Алайда, өндіріс орнында маман тапшылығы әлі де шешілмей отыр. Сол себепті техника тілін меңгерген кәсіби мамандарды шет елден шақыруға мәжбүрміз. Сондай-ақ, шикізат тапшылығы сезіледі. Қой және түйе жүндері жетіспейді. Бұрын қой жүнінің бір келісін 180 теңгеден алсақ, қазір 500 теңгеге қымбаттады. Басым бөлігі Маңғыстау облысынан келетін түйе жүнінің бағасы да 1000 теңгеге дейін көтерілді. Соған қарамастан жамылғылармен шектеліп қалмай, өзге де өнім түрін көбейтпекпіз, – дейді ол.

Сонымен қатар, өнімге деген сұраныстың артуына орай компания өндірісті ұлғайту жоспарын жасақтауды қолға алған. Бүгінге дейін жүн өнімдері Италия еліне шығарылса, енді Қытайға экспортталмақ.

Кадр мәселесіне қатысты Мәжіліс депутаты Кеңес Ғарапұлы мәселені шешу бағытында жұмыстанатынын жеткізді. «Жұмыссыздарды оқытуға көптеген қаражат бөлініп отыр. Алайда, көп сұранысты қажет етпейтін мамандықтар оқытылады. Сол себептен осындай өндіріс орындарында дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмыс жасайтын мамандар оқытылуы керек» дейді ол.

Индустрияландыру картасына енген бірегей жобаның келешегі қандай болады? Шикізаттың қымбаттауы мен маманның тапшылығынан тоқырап қалмай ма? Дегенмен, шетелдік тұтынушылар сұранысын арттырған сапалы өнім шығаратын фабрика жұмысы қанат жаяды деген үміт басым.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз