Зейнетақысын жинап, жыл сайын әлемді аралайтын 89 жастағы әже (фото)
Фэйсбук әлеуметтік желісінде Екатерина Папина атты қыздың жазбасы адамдардың назарын аудартты деп жазады massaget.kz.
Екатерина Азияға саяхаты барысында Лена есімді красноярлық 89 жастағы саяхатшы әжейді кездестіреді. Айтуынша, қарт әжей осынша жасына қарамастан жыл сайын әлемді аралайды екен. Бір қызығы, әжей ешкімнен қарыз сұрамай, ай сайын алатын зейнетақысын «әлемді көруге» жинайды.
Екатерина әжеймен таңғы ас кезінде танысқан. Лена әжей соғысқа қатысқан. Соғыста тылда жұмыс істеген. Қызы мен екі жиені бар, бірақ жалғыз тұрады. Дәл солай әлемді де жалғыз аралауды мақсат тұтқан.
Екатерина Папинаның жазуынша, Лена әжей саяхаттауды 83 жасында бастаған екен. Ешкімнен қарыз алмай, өз зейнетақысын жинап, жылына 1-2 рет әлемге саяхат жасайды.
«Таяғына сүйеніп жүрсе де, оның денсаулығы саяхаттауға жарайды. Көзі жылдан-жылға нашарлау үстінде. Бір көзі мүлде көрмесе, екінші көзі өте нашар көреді. Ота жасағысы келеді. Алдыңғы жолы жасатқан отасы сәтсіз шыққан. Красноярскте турагенттіктің көмегіне жүгініп, жыл сайын баратын елінің жолдамасын алып тұрады. Әжей жалғыз ғана сөмкесін арқалап жүре береді. Сөмке ауырлық туғызса да, оған әр жерде көмек қолын созатын мейірімді жандар табылады», — деп жазды ол.