Зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер бар?
Бүгінде адамдар әртүрлі іспен айналысуда. Бірі кеңсе жұмысынан, құрылыстан, вахталық әдістен, енді бірі жеке кәсіптен табыс тауып жүр. Ал біреулер әсіресе, ауыл тұрғындары – жұмыссыз. Сайып келгенде, осы азаматтардың басын «ауыртатын» бір мәселе – зейнетақы.
Осыған дейін зейнетақы есептеу кезінде кейбір санаттардың теңесіп кеткені жасырын емес. Мәселен 35-40 жылдық қызмет өтілі барлар мен ешқашан жұмыс жасамаған адамдардың зейнетақы мөлшері бірдей болды. Биылдан бастап зейнетақы төңірегіндегі барлық түсініксіз жайттар сараланып, жаңа жүйеге келтіріледі деп күтілуде. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы — «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің Атырау қалалық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Спугалиев айтып берді.
«Осыған дейін барлық адамға базалық зейнетақы бірдей көлемде тағайындалып келген болатын. 2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептеледі. Жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасы ескеріледі. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем, не мүлдем болмаған жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы көлемінде тағайындалады. «Сонда төменгі күнкөріс деңгейі қанша?» деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінгі күнгі бұл мөлшер – 28 284 теңге.
Еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызы, ал, 30 жылға 94 пайызы көлемінде тағайындалады. Жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100 пайыз көлемінде беріледі. Яғни, адам неғұрлым көп жұмыс істеген сайын оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы да көбірек болады»,-дейді сала маманы.
Осы тұста 35 жылдық еңбек өтілін түсіндіре кетейік. Мысалы, 2013 жылы әйел адам зейнетке шықты делік. Оның жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесінде еңбек өтілінің 20 жылы ғана есептелетін еді. Қалған 15 жылға зейнетақы жинақтау қорына аударылған зейнетақы жарнасы қосылатын. Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 35 жылдық еңбек өтілі толықтай саналады.
Әлеуметтік әділеттілік
Биылдан бастап еңбек өтілінің қайта есептелуіне орай азаматтардың базалық зейнетақысы көтерілетін болады. Яғни, бүгінде зейнеткерлер 15 274 теңге алатын болса, 1 шілдеден бастап атқарған еңбек өтіліне сай жоғарылатылған, кейбір жағдайда екі есе көп базалық зейнетақы алады.
Декреттік демалыс – еңбек өтіліне
2014 жылғы қаңтардан бері жұмыс істейтін әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты зейнетақы жарнасы аударылып тұрғанынан жұртшылық хабардар. 2018 жылы да дәл осылай жалғасын таба бермек. Декреттік демалыста болған 3 жыл да еңбек өтіліне есептеледі.
Бұл жерде жұмыс жасамайтын аналарға да әлеуметтік қолдау жасалатынын айта кету керек. Бұдан былай әр балаға 3 жылдан, барлығы 12 жылдық еңбек өтілі есептелетін болады.
Әйелдер зейнетке 63 жасында шығады
Әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіру мәселесі бір қайнауы ішінде болған соң, осы кезге дейін кейінге шегеріліп келген еді. Енді 2018-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен артатын болды. Зейнет жасы алты ай сайын қосылып отырады. Қысқасы, бұл зейнеткерлік жасының кестесі мынадай болмақ: 2018-ші жылдан бастап әйелдер зейнетке 58,5 жасында шығады. 2019-шы жылы – 59 жастағылар, 2020-да – 59,5 жас, 2021 – 60 жастағылар… Ал, 2027-ші жылы 63 жастағылар, яғни 1964-ші жылы туылған әйелдер зейнеткер атанады.
Қосымша құжат қажет емес
Биылдан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері мемлекеттік базалық зейнетақыны қоса есептегенде 49 019 теңге көлемінде болды. Орташа зейнетақы – 71 мың теңгенің, ал жоғары төлем 104 мың теңгенің шамасында.
Сонымен бірге, қайта есептеуді жүргізу үшін зейнеткерлерден қосымша құжат талап етілмейтінін де айта кеткен жөн. Бұрынғы тапсырған құжаттар пайдаланылады.
Жаңылсын ҚАЙЫРЛИЕВА, зейнеткер: Менің еңбек өтілім – 30 жыл. Әлеуметтік қамсыздандыру саласында жасадым. Алайда, жалақымның аз болуына байланысты қазіргі таңда ең төменгі зейнетақы аламын. Енді 1 шілдеден бастап қайта есептеу болатынын естіп, отбасымызбен қуанып қалдық.
Азамат ЖОЛДЫБЕК, Жылыой ауданының тұрғыны: Зейнеткермін. Өмір бойы мұнай саласында қызмет атқардым. Жасыратыны жоқ, зейнетақым жоғары. Биыл да 5 мың теңге қосылыпты. Барына қанағат деп үйренген халықпыз ғой, шүкір дейміз.
Жасан ТӘЖІМОВ, кәсіпкер: Қазір 40 жастамын. Жеке дүкенім бар. Бірақ, зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Өмір болғасын қартаю бар, әрине. Енді шамамен 20-25 жылдан соң зейнетке шығамыз. Әрине, зейнетақымыздың ел қатарлы болғанын қалаймыз. Ерікті зейнетақылық жарна туралы ғаламтордан оқып, енді қолға алуды ойлап жүрмін.
Аслан МҰРАТҰЛЫ