Патриоттық сезіміміз неге төмен?

Патриоттық сезім 1 1 Жаңалықтар

Өз алдымызға егемен ел атанып, нарықтық экономика талаптарымен өмір сүріп жатқанымызға да ширек ғасырдан асты. Алайда, жұрт санасында өз күнін өзі көруге бейімделу орнына, мемлекетке міндетсу, өз бойкүйездігіне өзгені кінәлау пиғылы әлі де бар екенін жасыруға болмайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласының мәні ерекше. Бұл Мемлекет басшысының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да одан әрі  тереңдетіле түсті.

Патриоттық сезім

Ашығын айтқанда, Президент масылдық психология, аз жұмыс істеп, көп пайда табу hәм ауадан ақша жасауға қатысты өткір ойларын ортаға салды. Жалпы, бұған әділдікке негізделген шынайы еңбек қана қарсы тұратынын ескерсек, қоғам мүшелерінің еңбек сіңіруінен бастап, оның марапатқа жетуіне дейінгі жолы ел алдында өтуі тиіс. Әділ де, адал  еңбек – адам бойындағы толайым рухтың көрсеткіші. Дәл сондай рух қана ерік-жігерді тәрбиелеп, күш-қайратты жанып, отаншылдық сезімін қалыптастырады. Біз бұған мысалды алыстан іздеп жатпаймыз. Ары алдында адал, ізгілігі ұлы мұраттарға негізделген замандастарымыз да жанымызда бар, бірақ олардан үлгі-өнеге алу тұрмақ, «ақжүрек» деп күстаналаймыз. Неге?

Көңілге кірбің ұялатып, байыз таптырмай толғандыратын сауал да осы. Біз неге осындай тар шеңберлі пиғылдан әлі күнге арыла алмай келеміз? Бұл тұрғыда көкейде қордаланған ойларымызды бөліскенді жөн көрдік.

Біріншіден, еңбек адамы, әрі оның кәсіби жетістіктері үлгі етілуі керек. Ол бизнесмен, инженер, кәсіпорын жұмысшысы, тіпті, студент болуы да мүмкін. Ең бастысы, ол адам өзі үшін, отбасы үшін тыным таппай еңбек етеді. Жаңадан бірдеңе үйренеді, кәсіби шеберлігін шыңдап отырады. Сол арқылы елдің дамуына септігін тигізеді. Екіншіден, қалың бұқараға еңбек қатынастары, жастар саясаты, тұрғын үй саласын реформалау және басқа да көкейкесті мәселелер уақытылы, жан-жақты түсіндіріліп отыруы тиіс. Үшіншіден, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер әрдайым да қарапайым, еңбекшіл халықтың мүддесін қорғауы керек. Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы тұрғысынан қоғамдық бақылаушы қызметін атқаруы шарт.

Бұл орайда біз өзге елдердің тәжірибесін де ескеріп, оны ретіне қарай насихаттап отыруымыз қажет деп ойлаймын. Мәселен, Сингапурды алайық. Ол шағын болғанымен, табысты мемлекеттер қатарында. Мұнда 100 мыңнан аса миллионерлер бар екен. Елде 33 ірі трансұлттық компаниялардың филиалдары жұмыс істейді. Халқы 7,5 миллион дейтін болсақ, ішкі жалпы өнімнің құны әр адамға шаққанда 30 мың АҚШ долларынан асып түсіп отыр. Тұрғындары аптасына 50 сағат жұмыс істейді, яғни, демалыс күндері де еңбектенеді. Дәл қазіргі таңда бұл ел Тынық мұхит аймағындағы жұмақ мекен болып табылады.

Сайып келгенде, ЕҢБЕК деген ұғымның шынайы сипатын бүгінгі жастар санасына сіңірудің барлық механизмін іске қосу бәрінен де маңызды. Күнде көріп жүрміз: түрлі офистердің кіреберісінде күзетші болып тепсе темір үзетіндей жас жігіттер тұр, жатақханаларда вахтер болып үріп ауызға салғандай бойжеткендер отыр. Бұрын ондай жұмыстарда зейнет жасындағы ата-әжелеріміз жүрсе, енді қарауылшы атаулы мүлдем «жасарып» кетті. Бұл не деген сөз? «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күн көру ме? Неге жаңағы алпамсадай жігіттер құрылысшы болудан қашады?

Енді бір жас жігіттер «жалақысы аз» деп анау-мынау жұмыстарға бармай, үйдегі қартайған әке-шешесінің зейнетақысымен күн көріп жатыр. Сонда бар дүние тек ақшамен өлшеніп, байлықпен ғана бағаланғаны ма? Әрине, бай болған жақсы. Бірақ, Абай айтқандай, «есектің артын жусаң да, мал тауып», сені осы жасқа жеткізген ата-анаңа көмектессеңші. Отаныңа, еліңе аз да болса, адал еңбегіңмен пайда келтірсеңші…

«Мемлекет қарасуға міндетті», «үкімет жәрдемақысын көбейтсе…» деген әңгімелерді де жиі естіп қаламыз. Мүгедек жандар мен зейнеткерлерге берілетін көмектер, балалар жәрдемақысы жыл сайын өсіріледі, кейбір жас отбасылар күш-қайраты бойында қайнап тұрса да, сол сәбилеріне берілетін ақшаны талғажау ететіндерін қайтерсің. Тек міндетсуді білгенше, «өзім еліме нендей еңбек сіңірдім, не тындырдым?» деген ой неге қаперлеріне кірмейді?..

Бәрінен де бұрын маңдай термен тапқан бір үзім нанның дәмінің қандай тәтті болатынын, дүниеде оған ештеңе де жетпейтінін сезінбейінше, жүректе отаншылдық, патриоттық сезімдерге орын болмайды. Ал, отансүйгіштік, өзің азаматы, бір мүшесі болып отырған қоғамға – еліңе жаны ашу ғана жемқорлыққа қарсы тұрар ұлы күш. Ендеше, көп нәрсенің түйіні осында – ЕҢБЕК атты ұғымның мәнін терең ұғынуда жатыр.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз