Қызылша: екпеден бас тарту салдары неге әкеліп соғады?
Өткен жылдан бастап елімізде қызылша ауруымен сырқаттану бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай тіркелді. Былтыр жыл бойына 1148 дерек орын алып, бұл көрсеткіш кім-кімді де бейжай қалдырмады. Осы мерзім ішінде Атырау облысында аурушылық болмағанымен, биылғы жыл басынан бергі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Бұл ретте аймақтағы эпидемиологиялық жағдай қалай? Аурудың орын алуына не себеп? Осы және өзге де сауалдар аясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
— Темірбек Сарымұлы, облыста жұқпалы аурулар ауруханасында өршіп, тіркеліп үлгерген аурудың бірі – қызылша. Ең алдымен, орын алған ауру көрсеткіштері жөнінде білсек…
— Облыста 1-14 қаңтарда қызылша аурушылығының 41 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 85,4 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларды қамтыды. Аурудың орын алуының басты себебі – қызылшаға қарсы алдын алу екпелерін алмағанның салдары. Дәлірек айтқанда, екпеден бас тартқан балалар арасында алты жағдай орын алса, бесеуі екпе салдыруға жасы жетпегендер. Сондай-ақ, 25-інің екпеге медициналық қарсы көрсеткіштері болды.
Қызылша ауруы аймақта былтыр орын алмады. Оған дейінгі жылдардағы жағдай қалай еді?
— Жалпы, аурудың таралуының алдын алу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілді?
— Облысында қызылша аурушылығының бұрқ ету жағдайы 2015 жылы 91 дерекпен тіркелді. Республика көлемінде, оның ішінде аймақта қызылшаның әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында 15 – 19 жастағы адамдар арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде дерттің 30 есе төмендеуіне қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысында облыста қызылша аурушылығы болған емес. 2016 жылы 3 жағдай тіркелді. Аталған жағдай вакцинопрофилактиканың аталған аурумен күресудің жалғыз және нәтижелі шарасы екеніне дәлел болып отыр.
— Бұл аурумен негізінен кімдер ауырады? Жалпы, ауру, оның белгілері, таралу жолдары туралы айта кетсеңіз…
— Бұл – өте жұқпалы антропонозды жіті респираторлық вирустық инфекция. Ауру қоздырғышы вирус. Қызылшамен тек әр екпе алмаған адам ауырады. Қазақстан Республикасы географиялық жағынан Еуразиялық контингенттің орталығында орналасқан, халықтың белсенді көшіп-қонуы жағдайында әртүрлі жұқпалы аурулардың таралуына алғышарттар бар. Ауру ауа-тамшы жолмен таралады, вирус сыртқы ортаға көп жағдайда науқас адам жөтелгелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде бөлінетін сілемей арқылы таралады.
Дерттің негізгі белгілері – дене қызуының 38-40°С дейін жоғарлауы, құрғақ жөтел, мұрын бітуі, түшкіру, бастың ауырсынуы, қабақтың ісінуі және конъюктиваның қызаруы, жұтқыншақтын ісінуі, денеде бөртпелердің пайда болуы. Айта кету керек, бөртпелер кезектесіп шығады және бірігіп кетуге бейім болады. Мұндай жағдайда дереу дәрігерді шақыртып, қаралған жөн. Бізде «жедел жердемшінің» бірі таңғы сағат бесте қызуы жоқ, қызылша диагнозына еш күдік жоқ баланың ауру жағдайын айыра алмай облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына апарған жағдай болды. Мұндай кезде ақ халаттыларға бұлайша еш қателесуге болмайды. Өйткені, сау баланың инфекциялық ауруды ортадан тез жұқтырып алуы мүмкін.
— Егер ауру асқынса қандай қатер туғызуы мүмкін?
— Көбіне қызылшадан көз жұмудың себебі – аурудың асқынуымен байланысты. Ең қауіпті асқынуларға көздің көрмей қалуы, мидың ісінуіне әкелетін инфекция – энцефалит, пневмония секілді тыныс алу жолдарының инфекцияларын туындатуы мүмкін. Ауру инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді жолы – вакцинопрофилактика. Облыста балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу арқылы жүргізіледі. Екпе Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Ол тиімді және қауіпсіз. Еліміздің Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Ақысыз түрде, жергілікті мекен-жай бойынша емдеу, алдын алу мекемесінде салынады. Одан түрлі себептермен бас тартуға болмайды. Өйткені, көршілес елдердегі эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, ата-аналарды өз балаларына қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамыз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, өткен жылы әлемнін 138 елінде (аурушылық туралы есеп беретін 184 ел) қызылша ауруының 319 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде Еуропа өңірлеріне жататын 53 елдін 47-сінде 70 мың жағдай орын алды.
— Инфекцияның аймақтағы бүгінгі эпидемиологиялық жағдайы қалай?
— Қызылшамен сырқаттанушылық республикада Астана, Алматы қалалары көш бастап тұр. Ал, біздегі бүгінгі жағдай тұрақты. Десек те, әрбір адам өз денсаулығына атүсті қарамағаны жөн. Әсіресе, балалардың саулығы ата-аналар баса мән беруді ұмытпау маңызды. Қазір эпидемиялық жағдай тұрақты болғанымен, бір жасқа толмаған сәбилерді мейлінше көпшілік орындарға шығармаған жөн. Бір жасқа толмаған сәбилерді мейлінше қоғамдық орындарға апармау қажет. Аурудың алдын алып, жағдайды қатаң бақылауда ұстауда облыстық денсаулық сақтау басқармасымен біріккен арнайы жұмысшы тобы құрылды. Сондай-ақ, мектептер мен білім беру ұйымдарында баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарымен тығыз жұмыс жасау үшін Атырау қалалық білім бөліміне арнайы комиссия құру жөнінде тапсырма берілді.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Бұл дертпен балалар жиі ауырады. Кейбір жағдайда ересектер арасында кездесіп, ауыр түрде өтеді. Бірқатар адамдар қызылшаның бастапқы кезеңін тұмау, жедел респираторлық вирустық індет деп біліп, өз бетінше ем қабылдайды. Бөртпелерін аллергиялық аурулармен шатастырады. Ауру вирусы ағзаға түскен соң ең алдымен шырышты қабаттарды – көз, мұрын, ауыз қуысы мен тамақты зақымдайды.