Қызылорда Индерге 100 мың теңге берді
Жайдарман ойындарын облыс, республика төрінде ойнап, аудан намысын қорғап жүрген «Жасбуын» командасы жақында Қызылорда қаласындағы «Сыр елі» бірінші лигасына қатысып, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың кубогымен, қаржылай сыйлығына ие болды.
Осындай ойындардан олжалы оралған команданың жеңісімен құттықтап, топ жетекшісі Қайырлы Гилмановқа хабарласып, ойын жайын сұрап білген едік. Бұл жөнінде ол:
– Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен жүргізген жайдарман ойынына Атырау, Алматы, Шымкент, Семей, Орал, Ақтөбе және Қызылордалық қос команда қатысты. Сәлемдесу және жамбыату деп аталатын қос командадан тұратын ойының бірінші кезеңінде командаға әділқазылардың барлығы «6» деген ұпай берсе, екінші кезеңде екінші орынға тұрақтады. Сөйтіп, командамның әзілдері өтімді болып, сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды қанжығаға байладық. Біздің осындай ойынға қатысуымызға жағдай жасаған аудан әкім Серік Арыстанға алғысымызды білдіреміз. Жалпы ойын әділ өтті», –дейді.
Осындай өнерге құштар жастарды бір арнаға тоғыстырып, халыққа өтімді, өткір әзілдерді сыйлап жүрген «Жасбуын» командасының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты, М.Әуезов атындағы орта мектебінің мұғалімі Қайырлы Нарынбайұлының еңбегі ұшан-теңіз.
Диас АЙБАРОВ.