093610673200

Ағыстың жоқтығы, оттегі тапшылығы: Қызылқоға ауданының әкімі балық өліміне қатысты жауабына түсінік берді

Жаңалықтар
5 / 100


Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев балық өліміне судағы оттегі тапшылығы себеп болуы мүмкін екендігін айтты. Бұл туралы ол «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды
.

«Балық өліміне байланысты түсінік сұрап хабарласқан журналистке жауап қазақ тілінде берілді. Және бұл жағдайға бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін екендігі айтылды. Бұл сол өңірде бір айға жуық жауын-шашынның және күн температурасының 35 Цельсийден төмен болмауы, сонымен қатар ықтимал себептер тізімінде – жергілікті тұрғындардың төрт түлік малды көп мөлшерде ағыссыз өзен суынан суаруға әкелуінен, нәтижесінде малдың тіршілік қалдықтарымен судың ластануынан болатыны түсіндірілді.
⠀Өзен суының ластануы ауыл адамдарына жақсы таныс. Қой тоғыту маусымының басталуы және аптап ыстықта су ішуге келетін жылқы малының тіршілік қалдықтарынан болу ықтималдылығы айтылды. Бір сөзбен айтқанда, ағын жоқ, тартылып қалған көлшік, күн ыссы, жылқылардың салқындап тұратын жері судың ластануына алып келіп отыр.

Аудандағы Ойыл, Сағыз өзендерінің бірнеше жылдан бері тасымауы – ауданымыз үшін өзекті проблема болып отырғаны көптен айтылып келеді. Өзен сулары кішігірім көлшіктерді құрап, негізгі арнадан бөлініп қалуда.

Бұл өзеннің төгілу кезеңінде пайда болатын және су деңгейінің төмендеуінен кейін негізгі арнадан бөлінетін маусымдық өзектер. Олардың тереңдігі 50 сантиметрден аспайды. Кейде осы өзектерде ұсақ балықтар қалады.

Жылқы малы жаз бойы өзендердің осы секілді өзектерінде су ішіп, шыбын мен сона сияқты қан соратын жәндіктерден қорғанады. Қазақтар жылқы таза мал дейді, бірақ қатты ыстық уақытта және су жетіспеген кезде, біз олардың шағын өзектер мен шалшықтардан суарылатынын және осы су өзектерінде бірнеше сағат бойы табындар тұратынын жиі байқаймыз.

Сондай-ақ, жаздың осы уақытында жергілікті тұрғындар осындай су өзектерінде «қой тоғыту» деп аталатын шараларды жүргізеді, бұл қойларды профилактикалық өңдеу, яғни қой қырқу алдында жүнді құм мен басқа да балшықтан тазарту үшін жасалады.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл балықтардың өлу себептерінің бірі ғана болуы мүмкін. Балық өлімінің нақты себебін зертханалық сараптама нәтижесі анықтайды.

Десек те, әлеуметтік желідегі түрлі парақшаларда берілген ақпараттарда сұхбат контексті толықтай берілмей, тек орыс тілінде таратылуда. Аталған ақпараттар орыс тілді аудитория және ауыл тіршілігінен алыс азаматтар арасында әзілге айналуда. Ақпарат қазақ тілінде толығымен берілгенде, ой түсінікті болып, нақтырақ болатын еді.

Қазіргі таңда әлеуметтік желі халықтың ойларын ортаға салатын ашық алаңға айналды. Алайда, ақпарат бұрмаланбай, нақты берілсе, азаматтар өз ойларын ой елегінен өткізіп, мәселені толық білгеннен кейін жарияласа, адамдардың ар-намысына тиетіндей пікірлер жазылмаса екен деген ой ғана» деп жазды Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған