1557299974 a95b51a3094fb81bdb632a5d2d8f0d3e

Атаулы әлеуметтік көмек: жемқорлыққа жол берілмейді!

Жаңалықтар Құқық

Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. Мемлекет қолдауын қажет ететін азаматтарды әлеуметтік қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Ал, бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу бағытындағы шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қарқынды жүруде.

Аталған мәселеге орай облыстық әкімдікте Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысының бірінші орынбасары Рафаэль Төлешовтің төрағалығымен басқосу өтті.

«Бұл шара аз қамтылған азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Сондықтан атаулы көмекті бөлуді қатаң бақылауға алып, кез келген жемқорлық әрекетіне жол бермеу керек. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезінде жіберілген 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, олардың 2-і бойынша үкім шығарылды, 13 іс өндірісте»,-деді Р.Төлешов.

Өз кезегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев кейбір азаматтардың бұл көмек түрін алу үшін түрлі әдістерге барғанын жасырмады. Оның айтуынша, былтыр 1650 отбасына заңсыз төлем төленген. Оның 24 миллионы қайтарылса, қалғаны кезең-кезеңмен өндірілетін болады. Енді жаңа форматтағы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. АӘК мөлшері отбасының барлық мүшелеріне кедейлік  деңгейі мен жан басына шаққандағы орташа табыс мөлшерінің айырмасы ретінде анықталады. 

«Атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішіндегі еңбекке қабілетті азаматтарға  мемлекет тарапынан мамандығы бойынша жұмыстар ұсынады.  Мамандықты оқыту керек болса, барлық жағдайлар мемлекет тарапынан жасалады.  Егерде  мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады.  Бала күтіміндегі немесе  мүгедек бала бағып отырған ата-аналарға мұндай талап қойылмайды. Олар атаулы әлеуметтік көмекті ала беретін болады. Жалпы, бүгінгі күні тұрғындар тарапынан шағым түскен жоқ, – деп түсіндірді Көңілқос Керейұлы.

Сонымен қатар, жыл басталысымен төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған және  23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы беріле бастады. Оны отбасының табысына қарамастан тағайындайды. Атаулы әлеуметтік көмектің тағы бір түрі әлеуметтік кепілдендірілген пакет. Яғни, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тамақтар мен гигиеналық заттар жиынтығы. Тамақтар ай сайын, гигиеналық заттар тоқсан сайын беріледі.

Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі  балаларға арнайы кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Балалар  мектепте тегін ыссы тамақпен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілетін болады.

Әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау – облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің күн тәртібінен түскен емес. Аталған саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізу барысында анықталған кемшіліктер туралы департаменттің басқарма басшысы Жәнібек Қаражанов айтып берді.

Оның мәлімдеуінше, жекелеген заңнамалардағы жеңілдіктерді теріс пайдалану жайттары анықталды. Комиссия отырысының өткізілген хаттамаларын ішінара зерделеу барысында өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамдарға материалдық көмекке бөлінетін қаражат көлемі тізімге сәйкес санаттар бойынша  түрлі көлемде төленген.

«Жалпы, тізімде көрсетілген санаттарға бөліп, көмек қаражатын беру ешбір нормативтік актіде белгіленбеген. Бұл өз кезегінде қаражат бөлу туралы шешім қабылдау барысында әлеуметтік теңсіздіктерге, қаражаттың әділетсіз бөлінуіне және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатуға мүмкіндік береді»,-деген уәжін келтірді басқарма басшысы.

Атап айтқанда, жалғызбасты ана, тәрбиесінде кәмелет жасына толмаған екі баласы бар Т.Кантаеваға пәтерақысын төлеу үшін 80 000 теңге беруге шешім қабылданады. Ал, кәмелетке толмаған үш баласы бар (екеуі мүгедек) жалғызбасты ана Г.Сапароваға балаларының емдік шараларын алу үшін  50 000 теңге ғана қаражат бөлген.

Сонымен қатар, бұл мәселелер «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен арнайы мониторингтік топтың ерекше бақылауында тұр. Олар да есептеу процесіне, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу рәсімдеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді.

Сонымен, бүгінгі күннің тақырыбына арналған басқосу «Жоғарыда айтылған кемшіліктерге жол берілгендіктен, АӘК тағайындаудың дұрыстығы жөніндегі комиссия жұмысын күшейту қажет» деген ұсыныспен түйінделді.

Жиын барысында аталған көмекті алудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты шаралар әзірленгені белгілі болды. Жалпы, әлеуметтік салада бюджет қаражатын дұрыс бөлу мәселелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тұрақты бақылауында тұр.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған