Жарнама
БілімЖаңалықтар

Қыз мінезді бала қайдан шығады?

Немесе ұрпақ тәрбиесінде әкелер рөлі төмендеп кетті

Атырауда Отбасы күні аясында «Отбасы институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білім беру ұйымдарында бірыңғай ата-аналар конференциясын ұйымдастырған еді. «Өз балаңа үлгі бол!» атты шараға жиналған ата-аналар арасында әкелердің жоқтығы бірден байқалды.

113

Бәрімізге ортақ  міндет

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Қайырғали Кенжеғалиев бүгінгі қоғамдағы әке рөлінің төмендеп кету себебін былай түсіндіреді.

Уақыт өткен сайын адамзаттың ой-өрісі дамып, техника жетіліп, білім беру ісі де осылай күрделене беретін болады. Сәйкесінше, мектеп жасындағы балалардың сана-сезіміне, психикасына көп күш түседі. Өйткені, жаңа оқу бағдарламасына бірден дендеп кету қиын, әрине. Міне, осы кезде бала өз отбасынан тірек іздейді, ананың аялы алақанын керек етеді. Тәрбие жайына келгенде, біз әкенің рөлін ескеріп жатпаймыз. Оқу мен тәрбие – егіз ұғым. Егер ұрпағымыздың саналы болып өскенін қаласақ, қазірден ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіндіруіміз керек. Мен өзім де әкемін. Сала басқармасында қызмет етсем де, қарапайым әкелік міндетіме үлкен көңіл бөлемін, — дейді ол.

«Балаға  қарауға уақыт  жоқ»

Жоғарыда аталған институттың жетекші маманы Гүлдана Өтегенованың айтуынша, оқушы ортада өз-өзін қалай ұстайды, кіммен дос болады, кімге сенім артады, оның бәрін, ең алдымен, үйдегі ата-анасымен ақылдасады.

— Бірақ, қазіргі нарық заманында әке-шешенің бос уақыты жоқ. Екеуі де қызметбасты, одан қалса, әрқайсысының бизнесі бар. Ал, баласының қайда және кімдермен уақыт өткізетіні оларды қызықтырмайды. Бұл – ащы да болса шындық. Әсіресе, қазір «баланың тәрбиесіне аралассам, басым бәлеге қалады» дейтін әкелер көбейді. Олардың ойынша, бұл – тек әйелдің жұмысы, соларға артылған жүк, ердің мінезіне сай келмейді-міс. Мен бұл пікірмен келіспеймін, — дейді ол.

Жалпы, әрбір әке өз баласына  «бұрын біз сабақ оқуға ерінбейтін едік» дегеннен гөрі, жанұясы алдындағы абыройын нақты іс-әрекеттермен дәлелдеп көрсетсе игі. Өйткені, әр бала өз әкесімен мақтанғанды жақсы көреді. Іштей «шіркін, әкемдей болсам екен» дейді. Өсіп-жетілген соң да, әкенің айтқан ақылымен жүретін болады. Демек, қазіргі ұрпақты қалай тәрбиелесек, ертеңгі болашағымыз да соған байланысты.

Мектепке  әкелер жоламайды

Ал, Мақат ауданы, Доссор кентіндегі Бержан Қанатбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Дәулетқалиев былай дейді:

Қарапайым ата-аналар жиналысына  тек аналар жиналып отырады. Әкелер қайда жүр? Бұл аналар емес, ата-аналар жиналысы емес пе? Мектепте аналар комитеті емес, ата-аналар комитеті құрылады ғой. Міне, осындайдан келіп қоғамда қыз мінезді ерлер пайда болады. Мектепке  ер мінезі жетіспей барады. Тіпті, дене тәрбиесі мен еңбекке баулу пәндерінен де қазір әйел мұғалімдер сабақ береді. Сайып келгенде, ұлдар үйде анасын, түзде апайын ғана көреді, — дейді.

Қай мәселені талқылаған кезде де, біржақты пікірге сүйенуге болмайды ғой. Осыны ескеріп, біз психолог мамандардың да пікірін білуге асықтық. Сөйтіп, атыраулық ұстаз, педагогика ғылымдарының магистрі, психолог, былтыр өткен «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Айгүл Сұлтанғалиевамен сөйлестік.

— Бүгінде кейбір жас жанұялар бастары қосылмай жатып ажырасып тынуда. Тіпті, біраз жыл отасып қалған орта буын отбасылардың өзінде де түсініспеушілік жайттардың жиі орын алып жатқаны жасырын емес. Бұдан  бала  зардап шегеді. Оған кім кінәлі? Бұл ретте кінәні сол отбасыны құрушылар өздерінен іздеуі тиіс. Анау – әйелдің, мынау ердің міндеті деп бөле-жару мүлдем дұрыс емес. Қарапайым ұрыс-керіс болған жағдайда да жұбайлар баланың сыртқа көп білдіре алмайтын ішкі жан-дүниесі не болып жатыр екен деп алаңдамайды. Бұл – ең басты қателік. Ұрпақ тәрбиесіне отанасы қандай жауапты болса, отағасы да солай жауапты, — дейді ол.

P.S. Иә, ұрпақ тәрбиесі туралы пікірлер осындай. Ендеше, біз де өз балаларымызға назар аударып, бір сәт көңіл бөлейікші. Сонда, бәлкім,  түсінерміз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

Нұргүл  ИСАТАЕВА,

ата-ана:

— Балаларды ұл-қыз деп бөлмей, екеуінің де сабағына бір мезгіл әкесі, келесі күні анасы көмектесіп отырса, құба-құп. Адам баласы жеті жасқа келгенде үш жасында алған тәлім-тәрбиесін қайталайды екен. Ендеше, жас шыбықты қалай исең, солай өсетіні секілді, жас  санаға қай бағытты сілтесек, ертеңгі тұлға да солай қалыптасады.

.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button