Жайық Темірболатов: «Екінші – үшінші сынып оқушыларына ағылшын тілін оқытуды бастау ертерек»

d7589115c28b3b86488c341cda8193d9 Білім

Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл.  Мектеп баласына ағылшын тілін қалай және қашан үйреткен дұрыс? Atr.kz хабарласқан Қызылқоға ауданына қарасты Кенбай орта мектебінің мұғалімі Жайық ТЕМІРБОЛАТОВ осы мәселеге байланысты пікір білдірді.

«Бұл сұраққа жуырда ғана бас қалада өткен тамыз конференциясында Президент нақты жауап берді.«Ағылшын тілін оқытуды екінші – үшінші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде нақты жол көрсетті.

Мұғалім ретінде айтарым, екінші – үшінші сынып оқушыларына ағылшын тілін оқытуды бастау ертерек. Себебі, бұл кезде баланың психологиясы нақты бір қалыптасып, арнаға түсіп кете алмайды. Ойын баласының өміріндегі өзерістерге бейімделуі, онымен қоса өз ана тілінің әріптерімен танысуы бар. Мұның барлығы белгілі бір уақытты қажет ететін дүние. Бір тілді енді үйреніп жатқан сәбиге екінші бір тілді тықпалайтын болсақ, баланың қабылдауына, санасына бұл ауыр тиеді. Сондықтан, бастауыш сыныпта бала өз тілінде ғана білім алуы керек деп ойлаймын.

Бірде Қазақ-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының оқытушысы Масуджима Шигенобу есімді азаматтың дамыған сайын ұлттың жоғалтатыны да болатыны туралы айтқан сұхбатын оқыған едім. «Жапонияның дамуы барысында біз көп нәрседен айырылдық. Мәселен, отбасылық қарым-қатынас, туыстық байланыс әлсіреп кетті. Әркім өз бетінше өмір сүретін, бір-біріне көп қарайласа бермейтін халге жетті. Ал, Қазақстанда туыстар ара мейірім, көмектесу, жақын тарту жақсы сақталған. Жапонияда ондай жоқ қазір» деген еді ол сұхбатында. Бұл нені білдіреді? Кез-келген ұлттың жаны оның тілі. Генетикалық код осы тілмен байланысты. Егер біз ұрпақты жастайынан өз тілінде оқытып, тәрбиелей алмасақ, таразыға ұлттың болашағы түседі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Сондықтан,  ағылшын тілін мектепте оқыту мәселесі Президент назар аударып отырғандай нақты зерттеліп, оңтайлы шешім қабылдануы тиіс» дейді спикер.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз