Қысым көрсеткіш құрылғысы енді Атырауда шығарылады

ZHanalyik1 Жаңалықтар

Кеше Тәуелсіздік күніне орай Атырауда көрсеткіш құрылғысын (датчик) шығаратын құрастыру желісі пайдалануға берілді. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ мен «Schneider Electric» компаниясы ынтымақтастығының нәтижесінде ашылған өндіріс орны – Қазақстанда жүзеге асырылған тұңғыш жоба. Бұл аймақтағы цифрлы технологияның дамуына, озық құрылғылардың келуіне жол ашады. Тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі. «Қазмұнайгаз» ҰК-ның басқарушы директоры Нұртас Шманов пен еңбек ардагері Зинон Абдрахманов нысанның лентасын қиды.

Жаналык1

Жаңа жобаның еліміз үшін маңызы жоғары болып тұр. Өнеркәсіп орындары мен кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттыруды, цифрлық технологияны дамытуды мақсат еткен бастама Қазақстан экономикасына тың серпін береді. Бұрын-соңды болмаған өндіріс цифрландыру және импортты алмастыру мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолға алынды.

– Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзінің лайықты орнын алып отыр. Елбасының көреген сая-сатына сенген шетелдік ірі компаниялар еліміздің дамуына үлес қосуда. «Шеврон» компаниясының қатысуымен құрылған «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны мұнайгаз саласында табысты қызмет атқаруда. ТШО-ның қадамы дүниежүзіне белгілі компаниялардың Қазақ еліне ауқымды инвестиция салуына, озық технологияларын әкелуіне себепші болды. Қазіргі таңда республикаға бағытталған инвестицияның көлемі 300 млрд. доллардан асты.

Мемлекет басшысы Үкіметке, жергілікті атқарушы орындарға, компания басшыларына шикізатты өндірумен бірге, оны тереңдете өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығару туралы тапсырма берген болатын. Оны орындау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Атырауда арнайы экономикалық аймақ құрылып, ісін бастады. Полипропилен, полиэтилен өнімдерін шығаратын ірі өндіріс орны салынып жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта жаңғыртудан өтті. Көрсеткіш құрылғысын құрастыру жобасының құны өте жоғары, технологиясы озық. Мұнда еңбек ететін адамдардың саны, салыстырмалы түрде, өте аз. Бұл еңбек өнімділігінің жоғары екендігін байқатады. Әрі осы өндірістің Атырауда ашылуы құрылғыларға сұраныстың бар екендігін көрсетеді, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Қысым көрсеткіш құрылғысы мұнай мен газдан бастап, тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылығына дейінгі барлық салада қолданылады. Ол ауа райының құбылуына қарамастан қысым, деңгей және шығындар өлшемдері бойынша дәлдікті көрсетеді. Атырауда өндірілген өнім «Қазақстанда шығарылған» маркісімен тұтынушысына жөнелтілгелі отыр. Бастапқы уақытта құрылғы зауытқа жеткізілген құрамдас бөлшектерден құрастырылады. Кейін біртіндеп қазақстандық үлесті 80 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Жоба мамандарының айтуынша, өндірістің алғашқы кезеңінде жылына 2 мың дана бұйым шығады. Бұл – автоматика мен қуат күшін басқару жөніндегі көшбасшы «Schneider Electric» компаниясының әлемдегі төртінші құрастыру желісі.

Қазақстан – мүмкіндігі жоғары, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Ірі компаниялар мұнда экономикалық және өндірістік тиімділікті арттыратын цифрлы технологияларды қолдануға ынталы. Сол себепті, біздің құрылым Қазақ елінің іргелі компаниясы – «Қазмұнайгазбен» бірге бірлескен кәсіпорын құрып, жаңа жобаны қолға алуды ұйғарды. Мұндай іскерлік байланыс компания-мызды аймақтағы тапсырыс берушілерге жақындата түседі, – деді «Schneider Electric» президенті Йохан Вандерплаетсе.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Еңлік

    Ғылымды дамыту үшін неше түрлі өнімдерді өзімізде шығару керек. Ұазақстанда жасалған өнім елімізге көп пайдасын тигізеді.

  2. Еңлік

    Атыраудағы шыққан қысым көрсеткіш құрылғысы талай жұмысқа пайдасын тигізбек. Жалпы, барлық құрылғылар елімізде өндірілсе, біз көп жағдайда импорт шығара алатын боламыз. ал. ол ел экономикасына пайдасын тигізетіні сөзсіз.