Атырауда өткен турнир мемлекет қайраткері Оңайбай Көшековті еске алуға арналды

Спорт Жаңалықтар

Атырауда волейболдан Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында ел чемпионатының төртінші туры өз мәресіне жетті. Бұл жолғы турнир мұнайлы өлкенің Құрметті азаматы Оңайбай Көшековті еске алуға арналды. Аптаға созылған тартысты бәсекеде «Алтай», «ТНК «Казхром», «Павлодар», «Атырау», «Буревестник-Алматы», «Есіл-СК», «Динамо-Тараз» командалары бақ сынасты.

Спорт

Ең алғашқы күні жарыс жолына шыққан өскемендік «Алтай» командасы «Динамо-Таразды» айқын басымдықпен жеңсе, «Есіл» командасымен ойында 0:2 есебімен ұтылып жатқан «хромтаулықтар» «мінез» көрсетіп, жеңісті суырып алды. Есеп: 3:2.

Ал, жерлестеріміздің алғашқы қарсыласы павлодарлық команда болды. Турнирлік кестеде екі команда да қатар тұрған болатын. Сондықтан, қарсыластар жеңіс үшін барын салды. Алғашқы партияда атыраулық волейболшылар үстемдік көрсетсе, қалған үш партияда павлодарлықтар белсенді болып, үш ұпай еншіледі.

Бұдан кейін «Есіл-СК», «Буревестник-Алматы» ұжымдарымен кездесуде сәттілік біздің командаға серік болды. Турнирлік кестеде 47 ұпаймен көш бастап тұрған «Алтай» командасымен өткен кездесу де  3:2 есебімен аяқталды. Бес партияға созылған додада жеңіс жерлестеріміздің қолына оңай тиген жоқ.

Ал, чемпионаттың соңғы күнінде Игорь Никольченко шәкірттері – «Алтай» командасы «Есіл-СК» командасынан басым түсіп, алты ойында 15 ұпай еншілеп, турдың жеңімпазы атанды. Ал, үш партия бойына «Динамо-Тараздан» айласын асыра білген «Буревестник-Алматы» жеңіске жетсе, «ТНК «Каз-хромды» ұтқан «Атырау» кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Төрт тур қорытындысы бойынша 50 ұпай еншілеген «Алтай» турнирлік кестенің алдында тұр. Бұдан кейінгі орындарда 43 және 42 ұпайларымен «ТНК «Казхром» мен «Павлодар» үздік үштікті қорытындылады. Ал, еншісінде 40 ұпайы бар «Атырау» – төртінші орында.

Айта кетсек, біріншіліктің соңғы бесінші туры Өскемен қаласында, наурыз айында өтеді.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз