«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕКТІҢ» БЕРЕРІ КӨП

20141015123300 Жаңалықтар

Аtr.kz/6 мамыр, 2019 жыл. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып, өңірлерде жалғасын тауып келе жатқан өміршең жобалардың бірі «Кедергсіз келешек» болып табылады. Аталмыш жоба аясында Атырау облысында да айтарлық жұмыстар атқарылуда.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы бойынша аумақтық қоғамдық бақылау тобының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел де осы тақырыпқа арналды. Онда алдымен инклюзивті білім беретін мемлекеттік ұйымдарға қоғамдық-партиялық бақылау топтары тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындылары жарияланды.

«Дөңгелек үстел» басындағы дидарласуды аумақтық қоғамдық бақылау тобының жетекшісі, облыстық мәслихатының депутаты Гүлсина Байкенова жүргізіп отырды. Оның айтуынша, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы шеңберінде облыста, Атырау қаласы мен аудандарда 9 қоғамдық бақылау тобы құрылған. Топ жетекшілігіне мәслихат депутаттары сайланып, құрамына үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті атқарушы құрылымдар өкілдері енгізілді. Желілік кесте-жоспарға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірыңғай тақырыптық қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылған. Осылайша, тоғыз филиалда жалпы саны 108 қоғамдық қабылдау өткізіліп, бұл шараларға 1000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат қамтылған.

Бұдан бөлек, осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында тоқсан сайын бос жұмыс орындары ұйымдастырылыпты. Осындай 36 жәрмеңкеге 1 190 адам тартылып, нәтижесінде олардың дені (889-ы) тұрақты жұмысқа орналастырылып, қайта даярлау курстарынан өткен. Сондай-ақ, ақылы қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарына тартылып, «Жастар тәжірибесі» жобасымен жолданған. Мүгедектердің қоғамдық көліктерде кедергісіз жүріп-тұруына қатысты 5 және әлеуметтік нысандарда бейімделуіне байланысты 332 мониторингілік бақылау шарасы жүзеге асырылған. Байқалған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар алынған.

Сонымен бірге, күн тәртібіне қойылып отырған партиялық жобаның рөлін көтеріп, ықпалын арттыру мақсатында жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлескен өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл меморандумы рәсімделіп, қол қойылған. Биылғы қаңтар айында қала ішіндегі жолаушы тасымалының жай-күйін тексерген бақылау тобының мүшелері қоғамдық көліктердің бәрінде бірдей мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз қозғалысына қолайлы жағдайлардың туғызыла бермейтіндігіне көз жеткізген.

Өз кезегінде, ересектермен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету үшін «Болашақ» корпоративтік қоры партияның облыстық филиалының қолдауымен Атырау қаласындағы М.Мөңкеұлы атындағы №6 орта мектеп базасында арнайы инклюзивтік сынып ашылған. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса жетілдіре түсуді қажетсінетіндігі де назардан тыс қалмады.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Анар Каюпова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Хамидолла, арнаулы сынып ата-аналары атынан Арайлым Бағытжанқызы, университет оқытушылары ой-пікірлерімен ортақтасып, ұсыныстарын білдірді. Қалай дегенде де, «Кедергісіз келешек» жобасының қордаланған проблемалардың оңтайлы шешілуіне тигізер септігінің мол екендігіне көңіл бөлді.   

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз