Ұялы телефонды ұрлағаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылды
Атырауда ұялы телефонды ұрлаған азамат 240 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Сотталушы С.А. 2017 жылдың шілде айында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкино стансасынан Атырау қаласына баратын «Астрахань-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызына құжатсыз мінген. Вагон ішінде жолаушылармен танысып, кейін олардың біреуінің «Samsung Galaxy Prime» маркалы ұялы телефонын ұрлап әкеткен. Содан соң, ұялы телефонның сатылатыны туралы интернет желісі арқылы хабарлама таратыпты.
Алайда, көп ұзамай сотталушы С.А. ұрланған телефонды 24 мың теңгеге сату кезінде полиция қызметкерлерімен ұсталған.
Сот үкімімен С.А. Қылмыстық Кодекстің 196-бабының, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 240 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айдос Қарабала
Фото alau.kz сайтынан алынған