Алмалы толықтай бөгетпен қоршалып жатыр

img 20240419 wa0048 Жаңалықтар


Атырау қаласындағы Алмалы ауылында жағалауды бөгет бекіту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде шамамен 8 шақырымдай жер бөгетпен қоршалған. Бұл жұмыстарға жергілікті 7 компания бекітілген. Осы жұмыстардың тыңғылықты жүргізілуіне жауапты қалалық мәслихат төрағасы Нұрбол Құрман Алмалыға барып мұндағы жұмыстарды пысықтап қайтты.


​– Біздің міндетіміз бұрынғы бөгеттерді бекіту, жағаның құлауын тоқтату. Осылайша халықты судан аман алып қалуды көздеп отырмыз. Бұл жерге «БатысАльянсСтрой» ЖШС, «Каспий Нефть» АҚ, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС, «Матен Петролеум» АҚ, «Доссор транспорт» ЖШС, «Мұнай көлік» ЖШС, «Бірлік сервис» ЖШС секілді компаниялар жұмылдырылып, жұмыс істеп жатыр.
​Әр компанияға бір шақырымға жуық жер белгіленіп, сол жерлердің бөгетін бекіту жұмыстары жүруде. Бөгеттің биіктігі әр жерде әртүрлі, 5-6 метрі трапеция түрінде салынып жатыр. Техникалық бақылау жұмыстары жүргізілуде. Бөгет бекіту жұмыстарының 70-80 пайызы орындалды. Енді сыртқы бетін су шаймас үшін полиэтилен целлофан төсеп, топырақ толтырылған қапшық қойылуда, – деді Н.Құрман.


​Сондай-ақ, өзге де бірнеше мекеме қызметкерлері ерікті түрде бөгет жұмыстарына атсалысып, қапшық қою жұмыстарына көмектесіп жатыр. Алмалы орта мектебінде түскі ас қызметі де қамтылған. Сондай-ақ, қапшық, күрек, қолғап секілді қажетті заттар мен топырақ тасылып отыр.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Бейнежазба автордікі
​Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз