Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жусан» операциясының тоқтатылу себебін айтты (+ВИДЕО)

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл.  «Жусан» операциясы уақытша тоқтатылды. Ал, қақтығыс даласында әлі де болса қалған қазақстандықтар елге оралғысы келмейді.

Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков мәлімдеді.

 Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілінің хабарлауынша, қауіпті аймақтардан қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстарының қашан жалғасатыны әзірге белгісіз.

«Төрт кезеңге созылған «Жусан» операциясы бойынша елге барлығы 595 азамат оралған. Елге қайтарылған барлық әйел мен бала оңалту және бейімдеу курсынан өтті. Терррористік ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін 31 ер адам мен 12 әйел сотталды. Ал,  Сирияда қалған Қазақстан азаматтары елге оралғысы келмейді» деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Еске сала кетелік, қақтығыс ордасына айналған Сириядан Қазақстан азаматтарын қайтару мақсатында төрт кезеңге жалғасқан «Жусан» операциясы бойынша елге барлығы 595 азамат оралды.

Бірінші кезеңде 47 адам,  екінші кезеңде 231 қазақстандық елге қайтарылды. Үшінші кезеңде елге эвакуациаланғандар саны 246-ға жетті. Төртінші кезеңде 71 адам жеткізілді. Қазіргі уақытта 14 адам тергеліп жатыр.

Мұнымен қоса Қазақстан «Русафа» операциясын жүзеге асырды. Бұл операция аясында соғыс даласында қалған қазақстандық балалар елге қайтарылды.

Бұған дейін atr.kz Сирия даласынан оралған Балжанның өкініші туралы жариялаған болатын.

«Мен сияқты шет елден келген әйелдер үй-үйді аралап, жергілікті тұрғындардың есігін қағып, қайыр сұрап кеттік. Соңғы кездері тауыққа арналған жемді алып, тазалап, сағаттап қайнатып балаларға беруіме тура келді. Жерде қандай шөп өседі, соның барлығын балаларға қайнатып беріп жүрдік. Кейін талғажау ететін көк шөп те қалмады. Күрдтердің территориясына өтер күн жақындағанда даладан малға беретін бидай тауып алғаным есімде. Алтынға кенелгендей қуанып, сол бидайды жуып-тазалап, отта үш сағат қайнатқанымды әлі күнге ұмыта алмаймын. Сол жемді жегеннен кейін балаларым қатты ауырды. Әсіресе, іштері кетіп, мазалары болмады. Бірақ, амал нешік. Талғажау қылатын түк болмаған соң суға қайнаған быламықты беруге мәжбүр болдым.

whatsapp image 2019 07 03 at 17.26.13
«Мен Отаныма мәңгі қарыздармын» дейді Сириядан оралған Балжан

Шыны керек, ДАИШ қоғамында әйел ешқандай рөл ойнамайтын. Мәселен, Қазақстанда әйелдер тең құқылы, кез келген қоғамдық орындарға емін-еркін бара алады ғой. Ол жақта әйел атаулы орта ғасырлық деңгейде қалып қойған. Еркекке тәуелділігі сонша, өздігінен бір қадам да жасай алмайды. Тіпті, өлім аузында жатсаңыз да, еркек адамсыз ауруханаға бара алмайсыз. Еркексіз көлікке де отыра алмайсың. Егер еркексіз көшеге әйел шығатын болса, оны табан астында ұрып-соғып, өлтіріп тастаулары да ғажап емес. Яғни, әйел жалғыз жүре алмайды. Сол себепті, әйелдер бірнеше рет тұрмыс құруға мәжбүр болды» деген еді Балжан бізге берген сұхбатында.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/sәrsenbiden-bejsenbige-қaraғan-tүni-atyrauda-su-bolmajdy/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button