ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕМІЗ ЖОҚ

Өткен жылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарыштап, әр салада атқарылған жұмыстар аз емес. Осы орайда «Ескі жыл несімен есте қалды? Жаңа жылдан не күтесіз?» деген сауалдарды көпшілікке жолдаған едік.
Махамбет аудандық ардагерлер кеңесі үшін Жылан жылы сәтті аяқталды.

Аудан бойынша барлығы 2724 ардагер бар. Оның ішінде төрт ардагер аудандық мәслихат депутаты болса, 45 ардагеріміз – аймақтың Құрметті азаматтары. Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысқан тоғыз ғана ардагеріміз қалды.
Жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, ауданға қарасты барлық селолық округтерді аралап, олардың жай-күйімен танысып отырамыз. Зейнетке шықса да, аға буын өкілдері жастарға үлгі болып, әр салаға өзіндік үлес қосудан кенде емес. Он төрт ардагер – аудандық комиссия мүшелігінде. Олар тәрбие мәселесі жөніндегі жұмыстардан тыс қалмайды. Мектеп ұжымдарымен бірнеше кездесу өткізіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды дұрыс жолда өмір сүруге бағыттап жүр. Ай сайын ардагерлер ұйымы жиын өткізіп, онда атқарылатын жұмыстарды саралайды. Міне, осындай жұмыстар шеңберінде биыл ауданымызда бірталай жұмыс іске асты.
Биыл да осы істер жалғасын табатынына сенім мол. Жайықтың арғы жағындағы ауылдардың ауданмен қатынасы қиындық тудырып келеді. Бұл іс аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей басшылығымен осы жылы жүзеге асып, көпір салынады деп күтілуде.
Бір айта кететін жайт, ардагерлердің қоғамда өзіндік орны барын ескеріп, арнайы «Ардагерлер туралы» заң қабылданса дейміз. Алда осы ұсыныс іске асырылса, өзекті бір мәселенің шешімін тапқаны болар еді. Ең бастысы, елімізде тыныштық, деніміз сау болсын деп тілейміз.

Нәсіпқали СӘМЕНОВ,
Махамбет аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз