ЖАҢА ТӨРАҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚР Президентінің Жарлығымен Атырау облыстық сотының жаңа төрағасы тағайындалды. Атырауға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми жаңа басшы Марғұлан Бектұрғановты облыс жетекшілеріне, құқық қорғау саласының өкілдері мен облыстық соттың ұжымына таныстырды. Алқалы жиынға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатынасты.

Сот билігі – мемлекеттік билік тармақтарының бірі. Сондықтан, адам тағдырын шешіп, төрелігін айтар кәсіп иелеріне артылатын жүк те ауыр. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми әңгімесін осы тұрғыдан бастады.

– Атырау облыстық сотының төрағалығына тағайындалған Марғұлан Бектұрғанов – кәсіби судья, тәжірибелі басшы. Сот саласында біраз жылдан бері қызмет жасап келеді. Осы себепті, ол жаңа қызметін  тың жігермен  бастап кетеді деген үміт бар. Ал, бұрынғы басшы Мұхтар Смағұлов Павлодар облыстық сотының төрағасы болып тағайындалып отыр. Мұхтар Керімқұлұлы жергілікті жердің кадрлық әлеуетінің қалыптасуына, материалдық жағынан жабдықталуына үлкен еңбек сіңірді. Сондықтан, екі төрағаға да қызметтеріне табыс тілеймін, – деді Жоғарғы сот төрағасы.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұрынғы сот төрағасына Алғыс хат ұсынып, жаңа басшыға ақ жол тіледі.

– Бүгінде – аса жауапты кезең. Геосаяси жағдайдың әсерінен туындаған ахуал қай мемлекеттің де белсенді әрекет етуін қажет етеді. Осы орайда еліміздің тыныш болуы, қоғамда заңның үстемдік алуы, барлық деңгейдегі тәртіптің сақталуы маңызды. Мұнда соттардың елеулі үлесі бар деп білемін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Қайрат Мәми көпшілікті Атырау облыстық соты жаңа төрағасының өмірбаянымен таныстырды.

Марғұлан Бектұрғанов 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Алғашқы еңбек жолын оңтүстік астанадағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтында сарапшы болып бастапты. Алматыдағы Ленин, Фрунзе аудандық соттарында сот орындаушы қызметін атқарған. Кейінгі қызметі Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облыстарында жалғасқан. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында судья, Маңғыстау облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, ал, соңғы қызметі Жамбыл облыстық сотының төрағасы лауазымы болыпты.

– Атырау – қасиетті де киелі өңір. Осы аймақтағы қызметімді, өзіме артылған міндетті абыроймен атқаратыныма сендіремін, – деді Марғұлан Жұбанышұлы.

Алқалы жиында Жоғарғы  сот төрағасы Қайрат Мәми Елбасының қатысуымен өткен еліміздің судьяларының VI съезінде көтерілген мәселелер, судьялар қауымдастығының алдына қойылған ауқымды міндеттер турасында пікірін білдірді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз