Ұлттық дәстүр ұлықталған күн
Биыл ардагерлер мен зейнеткерлердің мүддесін қорғау мақсатында құрылған республикалық ардагерлер ұйымына 35 жыл толды. Осы орайда «Ата-баба аманаты» деген атаумен ата-әжелер арасында облыстық байқау өтті.
Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығында өткен сайысқа облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов қатысты.
–Облыстық ардагерлер кеңесі жұмысының негізгі бағыттары – ардагерлер ұйымдарының қызметін жандандыру, ардагерлерге қамқорлық жасау, туындаған мәселелерді шешуге көмек көрсету, қарттардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Атқарған әр жұмысымыздың нақты нәтижесі бар. Өңірде облыс әкімінің қолдауымен көптеген игі істер атқарылуда. Бұл ардагерлерге деген құрметтің белгісі. Осы мерейтой қарсаңында көптеген ардагеріміз «Ардақты ардагер» атағына және «Ардақты ана» медаліне ие болды, — деген Мұрат Сақтайұлы, байқау қатысушыларын өмірдің тәжірибесінен алған тәлім-тәрбиелерін шын көңілмен көрсетуге шақырды.
Сонымен, ұлттық құндылықтарды насихаттаған дүбірлі дода төрт кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде қариялар өздерін таныстырды. Одан соң, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат!» деп көрініс қойса, үшінші кезеңде өнерлерін ортаға салды. Ал, соңғы сында «Қолөнер – сырлы өнер» деп салт-дәстүрімізді айшықтайтын ат әбзелдері мен көнеден қалған құнды дүниелерін көрермен назарына ұсынды. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген ұғыммен қолөнер бұйымдарының жасалу тәсілдерін түсіндірді.
Байқау тартысты өтіп, әділқазылар алқасы жүзден жүйріктерді анықтады. Сайысқан барлық ата-әжелер көрермен қошеметіне бөленсе, ал жеңімпаздарға арнайы ақшалай сертификат табысталды.
Жүлдегер аталар:
Ұзақбай Тілеген –I орын (Махамбет ауданы);
Иғали Ізтұрғанов – II орын (Қызылқоға ауданы);
Амангелді Есенғалиев – II орын (Махамбет ауданы);
Мұрат Шахуов – III орын (Исатай ауданы);
Әзірбай Ескендіров – III орын (Құрманғазы ауданы);
Наурызбай Төлеуов – III орын (Жылыой ауданы);
Базарбай Айтқалиев – Алғыс хат (Атырау қаласы).
Жүлдегер әжелер:
Биғайша Ағашина – I орын (Қызылқоға ауданы);
Баян Төлеева – II орын (Атырау қаласы);
Мақпал Отарова – II орын (Исатай ауданы);
Сағида Машанова – III орын (Индер ауданы);
Батима Рахметова – III орын (Исатай ауданы);
Клара Көптелеуова – III орын (Махамбет ауданы);
Ағраш Сүйесінова –- Алғыс хат (Атырау қаласы).
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА