Уақытша тіркеу – заң талабы
Биылдан бастап қолданысқа енген заңдылықтардың бірі тіркеу екені белгілі. Енді еліміздің өзге қалаларында тұруға ниет білдірген жандар міндетті түрде сол жерде тіркелуі тиіс. Талапты орындамаған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады. Әрине, бұл жаңалыққа жұртшылық таңданыс білдірген еді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылған.
Облыстық ІІМ Көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Болат Досқалиевтің айтуынша, тіркеудің шарттары мен тәртібін жеңілдетуде Ішкі істер министрлігі бірнеше шараларды жүзеге асырып жатыр. Ал, тұрған жер бойынша тіркелу – әлемдік тәжірибеде қолданысқа енген талап. Жаңадан тіркелу үшін бұрынғы тұрғылықты жердегі тіркеуден алдын ала шығудың қажеті жоқ, себебі, бұрынғы мекен-жайдан шығару автоматты түрде жүреді. Ол тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі жасамайды, тіркелу халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл үрдісті электронды Үкімет порталы арқылы жасауға мүмкіндік бар. Ол үшін үй иесінің келісімі, жеке куәлігі және тіркелушінің төлқұжаты қажет. Тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхатымен қатар тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек болуы керек. Оған тіркелушінің өзі қатысуы міндетті.
Заң талаптарын бұзғандар жазасыз қалмайды. Уақытша тұрып жатқан жерінде бір айдан аса уақыт тіркеусіз тұрғаны үшін 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады. Екінші тексеру кезінде заңбұзушылық анықталса, кінәлі 29 500 теңге шығындайды. Ал, жалға алушыларды тіркеуге қоймаған пәтер иелері 22 600 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
— Өзге қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе ауруханаға жату үшін барған жандар да сол жерде тіркелуі тиіс. Басқа қалада жұмыс жасайтын, бірақ, қонақүйде тұратын адамдардың сонда тіркелуіне болады, — деді жаңа заңның негізгі ережелері туралы баяндаған ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова.
Тағы бір атап айтар жайт, заң күшіне енгенімен, айыппұлдар салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сол себепті, уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау келесі айдан басталады.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.