НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ІСІН АДАМЗАТТЫҢ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТЫ ЕТУГЕ ШАҚЫРАМЫН

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Назарбаевтың  БҰҰ  Бас  Ассамблеясының  сессиясында  сөйлеген  сөзі

Құрметті Төраға мырза!

Құрметті Бас хатшы мырза!

Құрметті әріптестер!

Ханымдар мен мырзалар!

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойы тұсында бұл ұйымның негізін қалаушылар оған қандай терең мағына бергені жөнінде ой бөлісу маңызды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қазір­дің өзінде жаһандық тұрғыдан тарихи мәні бар міндеттерді орындады.

Біріншіден, планетамызда адамдар жетпіс жыл бойы дүниежүзілік соғыссыз өмір сүріп келеді.

Екіншіден, әлемде аса ауқымды отарсыздандыру жүзеге асырылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымын 70 жыл бұрын елу бір мемлекет құрды. Ол кезде әлемнің көп бөлігін колониялар мен тәуелді аймақтар алып жатты. Бүгінде әлемдік қоғам­дастықта 193 тәуелсіз ел бар.

Үшіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіп­сіздік пен даму үшін баршаға қажет­ті үнқатысудың бүкіләлемдік мін­беріне айналды. Адамзат одан өзінің әралуандықтағы бір­лі­гін, біздің ғажап бірегей плане­та­­мыз­дың тағдырына қатысты­лы­ғы­ның ортақтығын сезінеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының не­гізін салушылар алдағы алыс бо­лашаққа ой көзімен қарай білді. Әлем бүгінде олардың бастамалары мен орындалған арманының жемісін көріп отыр.

Ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан халықаралық қаты­настардағы өзара сенімді қал­пына келтіруге, халықаралық құ­қық­тың негізінде бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.

Жетпіс жыл бойы әлем­дік қо­ғамдастық әскери қақты­ғыс­тарды ақылға қонымды шешудің түйінін табуға тырысып келеді. Бірақ қақ­тығыстар азаяр емес. Олар кей­бір елдерде мемлекеттілікті күйретудің салдарынан шектен шыққан халықаралық терроризмге ұласуда. Адамзат соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың сал­дарын еңсерудің ескірген тәсіл­дерінен оларды мән-мағынасыз ететін жаңа даму стратегиясына өтуге тиіс.

Ол үшін алыстағы болашаққа батыл көз салып, Біріккен Ұлттар Ұйымына 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білуіміз керек. Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін.

ХXI ғасырда адамзаттың ең бас­ты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс. Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стра­тегиялық Бастама – 2045 жос­парын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні – барлық ұлттардың әлем­дік инфрақұрылымға, ресурс­тарға және нарықтарға қол жет­кізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ, адам­заттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру.

БІРІНШІ. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын. Оның құрамына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттермен қатар, Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымының маман­дан­дырылған мекемелерінің барлық басшылары, соның ішінде Халықаралық валюта қорының да басшылары ене алар еді.

Кеңеске Жаһандық эконо­ми­калық реттеушінің міндеттері жүктелуге тиіс. Кеңес жүзеге асы­ратын бүкіләлемдік жобалар жаһандық экономикалық өсім нүкте­леріне айнала алады. Бұл жаһан­дық дағдарыстар қатерін айтар­лықтай азайтуға, сондай-ақ, мем­лекеттердің ұлттық экономика және әлеуметтік саясат мәселе­леріндегі жауапкершілігін күшей­туге септігін тигізеді.

Жобасы Астана Экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дү­ниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді.

Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер – терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар эко­­но­микалық дағдарыстың, ке­дей­ші­ліктің, сауатсыздық пен жұмыс­сыз­дықтың салдарлары болып табы­лады.

Жаһандық дағдарыспен кү­рес­ті қазіргі кезде заңдылық, демо­кра­тиялылық, бәсекелестік, тиім­ділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отыр­ған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет.

ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет.

ЕКІНШІ. Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы бас­ты мақсаты етуге шақырамын. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация­сын қабылдауды ұсынамын.

Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан төртінші ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел.

Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құрған жөн. Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруге тиіс.

Біз Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раун­дын 2013 жылы Алматыда өткізуге бастамашы болдық. Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыны қамтитын іс-қимыл жоспарына қол қойылуын қоштаймыз.

Қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға кем­сітусіз қол жеткізу құқығын кепіл­дендіру қажет. Нақ осы себепті біз Қазақстанда МАГАТЭ-нің Ха­лықаралық аз байытылған уран бан­кін құру туралы келісімді қолдап, қол қойдық. Бұл – жаһандық ау­қымдағы оқиға. Әлем оны атом­ды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қо­л­данудың маңызды қадамы ретінде бағалауға тиіс. Сонда атом энергетикасын дамытқысы келетін елдер үшін уранды өздері байытудың еш қажеттілігі болмайды.

Жаһандық антиядролық қоз­ғалыс құру маңызды міндет болып отыр. Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады және солай болуға тиіс.

ҮШІНШІ. Халықаралық құ­қық­тың қадірінің азаюы мен жаһандық институттар рөлінің әлсіреуі қауіпті сын-қатер болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы дүние­жүзілік соғыстар мен әскери қақты­ғыстардың миллиондаған құрбандарының қанымен жазыл­ғанын ұмытпау маңызды. Оның баптарының, әсіресе, мем­ле­кет­тердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жө­нін­дегі баптарының қандай да бір бұзылуы адамзатты өткеннің қасі­ретті қателігін қайталауға ұрын­дырады.

Санкцияларды Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Жарғысы мен ха­лықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолда­нылуын болдырмау қажет. Мил­лиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкция­лар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңе­сінің ерекше құзырында болуға тиіс деп сенемін. Бұл қағи­дат­тарды сақтамау қазіргі әлем­дік тәртіптің негіздерін ыдыратады, «қырғи-қабақ соғыстың» сар­қыншағына айналады.

Әмбебап ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымын алмастыра алатын балама жоқ екенін атап айтқым келеді.

Елдердің өздерінің халықаралық міндеттемелерін орындауы қазіргі әлемдік тәртіптің ең басты мәселесі болып қала береді.

Қазақстан Украина дағдарысын бейбіт жолмен реттеуді және Минск келісімін қақтығысушы тарап­тардың толық орындауын дәйекті түрде жақтап келеді.

Қазір барлық күш-жігерді ха­лық­­аралық қатынастарда үнқаты­суды, өзара түсіністікті және се­нім­ді қалпына келтіруге жұмыл­дыру керек. Сол үшін 2016 жылы Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымының халық­аралық құқықтың арқаулық қағи­дат­тарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конфе­рен­циясын шақыруды ұсынамын.

ТӨРТІНШІ. Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһан­дық ауқымға жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының қол­дауы­мен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра ала­тын бірыңғай әлемдік желі құ­руды ұсынамын. Бұл міндетті жү­зеге асыру үшін Біріккен Ұлт­тар Ұйымының терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бә­рін қамтитын құжатын әзірлеп, қа­был­дау қажет.

БЕСІНШІ. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасын қолдау үшін Астанада 2017 жы­лы «Болашақтың энергиясы» та­қырыбымен бүкіләлемдік көрме өтеді. Барлық мемлекеттерді көр­мені дайындауға және өткізуге қаты­суға шақырамыз. Болашақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфра­құрылымы негізінде Астана­дан Біріккен Ұлттар Ұйымы қол­дауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын.

Құрметті әріптестер!

Біріккен Ұлттар Ұйымының қол­дауымен «Жаңа Болашақ» (NEW FUTURE) тұжырымдамасын әзір­леу Жаһандық Стратегиялық Бас­т­ама – 2045 жоспарын жүзеге асы­рудың алғашқы қадамы болар еді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының құ­рыл­ғанына 70 жыл өткеннен кейінгі адамзат дамуындағы жаңа кезеңнің міндеттерін нақты айқындау қажет.

NEW FUTURE дегеніміз – ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі, сенім, өзара түсіністік және реформалар.

Қазақстан Еуразия өңіріндегі қақтығысушы тараптарды бітістіру үшін араағайындық жасауға күш салып келеді және күш сала бермек.

Аталған бағыттар мен қағи­даттар Қазақстанның 2017-2018 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану науқанына арқау болып отыр. 70-ші сессияға қатысушылардың барлығын біздің еліміздің кандидатурасын қолдауға шақырамын.

Ханымдар мен мырзалар!

70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды. Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының рөлі арт­қандығына байланысты болған еді.

Әлемді дамыту орталығы Кә­рі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еу­ро­падан жаһандық өрлеудің жаңа орны – АҚШ-қа, Нью-Йоркке ауысты. Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты.

ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады. Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа сер­пін беру үшін бұл тарихи мүм­кіндікті пайдаланудың маңызы зор.

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мә­се­лесін ойластыруды ұсынамын. Қа­зақстанның бастамаларын ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп зор үміт күтемін.

Назарларыңызға рахмет!

 

«Егемен Қазақстан»,

29 қыркүйек, 2015 жыл.

 

***

Террорға тұсау

 Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының зорлықшыл экстремизммен күрес жөніндегі саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан Президенті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең елеулі қатерге айналып, халықаралық терроризмнің өсуіне ықпал етіп отырғанын атап көрсетті.

– Бізге жаңа әлемдік мәміле керек. Мемлекеттер саяси ерік-жігер танытуға және ортақ қауіпке қарсы күш біріктіруге тиіс. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемнің қолынан келді. Біз 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін бірлігімізді паш еттік. 2013 жылы Вашингтон мен Мәскеудің жаһандық жауапкершілігіне куә болдық, олар Сириядағы химиялық қаруды жою бойынша ынтымақтастық жөнінде уағдаласты. Биылғы шілде айында Иран ядролық бағдарламасы бойынша тағдыршешті келісімге қол жеткізілді. Жетекші державалар қазіргі келіспеушіліктерінен жоғары тұра білді. Бүгін де олар бүкіл өркениетті адамзатқа елеулі қатер төндіріп отырған терроризмге қарсы біріге алады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдердің бірлескен күш-жігерін жұмылдырған жөн болатын бірқатар бағыттарды атады. Соның ішінде Мемлекет басшысы терроризмді жаһандық қатер ретінде танудың маңыздылығын айтты.

– БҰҰ антитеррорлық коалициясын құрып, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге және террористік қылмысқа қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау бойынша бірыңғай іс-қимыл тетігін әзірлеген жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті БҰҰ аясында зорлық-зомбылық сипатындағы экстре­мизмге қарсы іс-қимыл жасауға бағыт­талған барлық қарарлар мен шешімдердің ұсынымдық сипатынан міндеттеу тұрпатына көшу қажеттігін де айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемге террористер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың әмбебап және барлық мемлекеттерге міндетті нормалары мен ережелері қажеттігіне назар аударды.

– БҰҰ аясында экстремистік және террористік құрылымдар ұғымын біріздендіру қажет, оларды әлемдік заңнамадан тысқары деп жариялау құқығын тек Қауіпсіздік кеңесіне беру керек. Террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін жасау маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық терроризмге және экстремизмге қатысы бар тұлғаларды қудалау және экстрадициялаудың ортақ тетігін әзірлеудің маңыздылығына тоқталды. Оларға қолдау көрсеткендерге қатысты ең қа­­таң санкциялар қолданылатынын нақ­­ты­лап бекіткен жөн екенін атап көр­сетті.

Обамамен ойласу

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама Қазақстан мен Американың серіктестігі өңірдің дамуын, тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.

Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясы аясында Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен де кездесті. Кездесуде сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі аса өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алысты.

 Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясы аясында, сондай-ақ, Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастарды дамыту және Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақтастығын нығайту мәселелері қозғалды.

 

«Мен айтпасам,

кім айтады?»

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентімен кездесуден кейін өзінің БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысуының қорытындылары туралы отандық журналистерге брифинг берді. Онда Елбасымыз сапардың мақсаты туралы тұжырып айтып, өзінің сөйлеген сөздерінің мән-мағынасына тоқталды.

– Мен Бас Ассамблеяның жалпы дебатында еліміздің жаһандық саяси және экономикалық мәселелерге қатысты көзқарасын ортаға салдым. Сонымен қатар тағы екі саммитке – 2015 жылдан кейінгі даму кезеңінің күн тәртібін қабылдау жөніндегі және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі самиттерге қатыстым. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларымен кездесудің мүмкіндігі туды. Мұның бәрі Қазақстан үшін маңызды, еліміздің пікірін әлемдік қоғамдастық естіді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзі көтерген негізгі мәселелерге де тоқталды.

Бірінші кезекте, мен БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңестерін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсындым. Келесі мәселе – ядролық қаруды таратпау. Қазақстан бұл бағытта жетекші әрі белсенді рөл атқарады. Бұл ретте әлем қоғамдастығының қатысуымен ілгері жылжу керек, адамзат ХХІ ғасырда жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуы тиіс. Экстремизмге қарсы іс-қимылға келсек, оны біздің ел де сезініп отыр, осындай кейбір топтардың қатарында Қазақстаннан тартылған жастар да бар. Жалпы, 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін болған бірліктің маңыздылығы атап өтілді. Мен сондай-ақ, тиісінше қолдау болатынына үміттене отырып, қатысушылардың назарын Арал теңізінің, Семей полигонының проблемаларына аудардым, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы БҰҰ штаб-пәтерін орналастыратын орын тағы бір тақырып ретінде қозғалғанын айтты.

1945 жылы Ұйымды Нью-Йоркке көшіру туралы шешім қабылданды. Содан бері 70 жыл өтті, әлем өзгерді. Бүгінде Азияның қарқынды дамуы байқалып отыр. Сондықтан БҰҰ қызметін жаңарту және жандандыру мақсатында оның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіру туралы ұсыныс айттым, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен еліміздің мемлекеттік тілінде алғаш рет сөз сөйленгеніне тоқталды.

Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның Ұйымдағы барлық ресми алты тілге ілеспе аударылуы да жақсы нышан болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Б.Обамамен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланғанын айтты. Атап айтқанда, Қазақстанға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Д.Керридің келуі жоспарлануда.

Б.Обамамен барлық жеті жыл бойында өткен диалог жемісті болды. АҚШ біздің республикамыздың ДСҰ-ға кіруіне атсалысты, барлық бастамаларымызды әрдайым қолдап келеді. Қазақстанда 500-ге жуық америкалық компания жұмыс істейді, АҚШ-тың тікелей инвестицияларының көлемі 30 миллиард доллардың шамасында. Мен біздің еліміз өз талпыныстары мен экономикалық бағдарламалары АҚШ тарапынан қолдау табады деп сенетінін атап өттім, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Америка іскер топтарының ірі өкілдерімен болған кездесудің маңыздылығын айтты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілі журналист Ерлан Бекхожиннің БҰҰ штаб-пәтерін Азияға ауыстыру жөніндегі ұсыныстың мәнін түсіндіру жөніндегі тілегіне орай да жауап қайтарды. Расында да, БҰҰ құрылымдары жаңалық күтіп тұрғандай. Қазір онда 40 мың шенеунік жұмыс істейді екен, олардың 2015-2016 жылдарға бөлінген жалақы қорының өзі 5 миллиард долларды құрайтын көрінеді. Болашақта осы мәселе қарала қалса, Азияда осындай міндетті тамаша атқара алатын Шанхай, Сингапур сияқты қалалар дайын тұрғандығы да анық.

«Қазақстан» телеарнасының журналисі Жайнагүл Төлеміс Елбасына әлемнің бас мінберінен қазақ тілінде сөйлеп, еліміздің, тіліміздің мерейін тасытқаны үшін толқи тұрып, журналистер атынан рахмет айтты. Негізінде, бұл рахметті бүкіл халықтың атынан жеткізілген ақ алғыс ретінде қарауға да болады. «Мен айтпасам, кім айтады?» деді Президент. Біз де өз тарапымыздан бір ауыз пікір қосып, ілеспе аударманың бас жағында байқалған сәл-пәл кідірістің әбден жарасып кеткенін, қайта мұның өзі бұл сөз БҰҰ тарихындағы қазақ тіліндегі тұңғыш сөз екендігін одан сайын айшықтап көрсетуге мүмкіндік бергенін, залдың назарын аудара түскенін айтып қалдық. Біздің әріптестеріміз баспасөз залындағы журналистердің Елбасы сөзінің ара-арасында аударманы емес, тікелей мінбердегі дауысты тыңдап отырғанын, қазақ тілінің соншама әуезділігін таңдана да тамсана сөз еткенін Президентке айтып бергенде де Нұрсұлтан Әбішұлының жүзінен елі үшін, тілі үшін перзенттік мақтаныш сезімі аңғарылып тұрды.

«Егемен Қазақстан»,

30 қыркүйек, 2015 жыл,

(ықшамдалып алынды).

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз