Уақыт талабымен үндестік
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұма күні Исатай ауданында болып, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты.
Алдымен күн тәртібіне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасын сайлау мәселесі ұсынылды. Осыған орай облыс әкімі конференция делегаттарының қарауына аудан әкімі Марат Мурзиевтің кандидатурасын ұсынды. Ол партия филиалының төрағасы лауазымына ұсынылып отырған аудан әкімінің өмір жолымен таныс-тырды. Бұған дейін түрлі мемлекеттік органдарда заңгер, облыс әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және кадр мәселелері жөніндегі орынбасары, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған М.Мурзиев биылғы жылдың наурызында Исатай ауданының әкімі болып тағайындалды. Делегаттар аталған кандидатураны бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Жаңадан сайланған аудандық филиал төрағасы өзіне көрсетілген зор сенім үшін ризашылығын білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына білімі мен күш-жігерін жұмсайтындығын айтты.
Бұдан соң делегаттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттерді талқылауға көшті.
— Мынау дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызды таптаурын қағидалардан арылтпасақ, көш басындағы елдерге ілесе алмай қаламыз. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп атап көрсетті Елбасы өзінің атал-ған мақаласында. Сондықтан, тарихты терең білу, ықылым заманнан үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерімізді, мәдени құндылықтарымызды құрметтеу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Елбасының бұл мақаласы Қазақстанның үшінші жаңғыруының идеологиялық бағыт-бағдарын айқындап берді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, жергілікті атқарушы органдар одан туындайтын міндеттерді іске асыруда тиісті жұмыстар атқаратын болады, — деп түйіндеді өз ойын баяндама жасаған аудан әкімі.
Конференцияда сөз сөйлеген делегаттар – Исатай орта мектебінің директоры Светлана Молдағалиева, «Жас Отан» жастар қанатының өкілі, жеке кәсіпкер Медет Мақсотов, аудандық мұражай меңгерушісі Гүлмира Алагөзова Елбасының рухани жаңғыру қағидаттарына байланысты құнды ой-пікірлерімен бөлісті. Ал, Нарын ауылының тұрғыны Сағынғали Қапизов ауылдағы жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысының темір жол өткеліне тым жақын жерден салынатынын, құқық қорғау органдары, әсіресе, жол полициясы қызметкерлері тарапынан орын алып жүрген әділетсіздікті сынады.
— Браконьерге мен де қарсымын. Қазір үш браконьердің екеуінің «крышасы» бар. Ұстайды, «крышасы» барды қоя береді. Үш мәшине өтеді, екеуін ұстайды, біреуін қоя береді. Енді мұндай әділетсіздікті көріп тұрғанда халық қалай наразы болмасын, жағдай содан ушығады ғой, — деді С.Қапизов.
— Мен ресми түрде айтамын. Біз бұл жолдан қайтпаймыз. Ешкім балық ауламасын демейді. Аулайық, бірақ, жабайы-лықпен ауламайық. Шамалы мүмкіндік берейік. Балық өссін, біз ретімен ғана шетінен алып отырайық, — деді облыс әкімі осы мәселеге орай.
Одан әрі соғыстан кейін азайып қалған балықтың 60-шы жылдары қалай көбейгенін де көпшіліктің есіне салды.
— Соғыс кезінде балықтың бәрін майдандағы жауынгерлерге жіберіп, Жайық-Каспий бассейнінде балық қоры түгесіліп қалды. Соған байланысты Үкімет қаулысымен 1945-1965 жылдары балық аулауды уақытша тоқтатуға тура келгені белгілі. Балықтың өсіп, көбеюіне мүмкіндік берген соң су айдындарында балық қаптады. Содан бері табиғат пайдаланушылар «су маржанын» керегінше сүзді. Енді Жайықта да, теңізде де балық қоры азайды. Жайық пен Қиғаш бойын жағалай қоныстанған жұрт кәсібінен айырылып қалса не болады? Қалаға үдере көшіп келе ме сонда? Мұнда да оларға әзір жұмыс жоқ. Сондықтан, біз балықты жаппай аулауды реттеуіміз керек, балықтың өсуіне мүмкіндік берейік.
Ресейге кеткен төрт тоннаға жуық қызыл балық қайдан шықты? Жанбай мен Зинеден ауылының ортасында тұрып, көлікке тиеп алып кетті. Бұл тек ұсталғаны, ал, ұсталмай, «крышасы» барлар арқылы кетіп жатқаны қаншама? Біз енді балық аулауға бақылауды күшейтіп, реттейтін боламыз, — деді Нұрлан Асқарұлы.
Облыс әкімі ауылдағы жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып жатқанын, балық қорын қорғаумен айналысатын инспекция су жануарының көбеюіне кедергі болмау үшін моторының қуаты 20 ат күшінен асатын қайықтардың суда жүзуіне тыйым салынуына наразылық танытқан 37 адамның тұрақты жұмысқа орналасатындығын, қазір Жайық, Қиғаш өзендерін тереңдету жұмыстарының басталғанын мәлім етті.
Сапар барысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұщықұдықтық Қания Құспанованың тұрған үйі 2012 жылдан апатты жағдайда, тұруға жарамсыз деп танылған. Ол осы санаттағы үй алушылар кезегінде сегізінші болып тұр. Қазір тұрмыстағы қызының қолында мүгедек баласымен уақытша тұрған қарт анаға аудан әкімі алдағы екі ай көлемінде құрылысы аяқталатын 60 пәтерлік үйден баспаналы болатындығын айтып қуантты.
Қызылүй елді мекенінен жүз елудей тұрғынның өтіні-шін арқалап, қабылдауға келген Ғазиз Борашев «көгілдір отын» тарту жайын қозғады.
— Мал бағып күнін көріп отырған шағын ауылда электр жарығы бар, Нарын ауылынан ауыз су құбыры тартылуда, 80 орындық жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр. Дегенмен, біз әлі күнге қыста қи-тезек жағып, үйімізді жылытып отырмыз. Аққыстаудан 30 шақырым жердегі Қызылүйге газ тартылса, бұрынғы көшкен халық та оралар еді. Соған ықпал етуіңізді сұраймыз, — деді қабылдауға келген азамат.
Нұрлан Асқарұлы осыған орай аудан әкіміне, облыстық басқармаларға Қызылүй және Жасқайрат елді мекендеріне газ тарту үшін жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді.
Әкім қабылдауында болған Нұржамал Қайырғалиева мен Тілек Байниязовтың жұмыс-қа орналастыру жөніндегі өтініштерін тиісті заңдылықтарға сай шешуді де аудан әкіміне тапсырды.
Бақытжан ЖҰМАТ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.