*РЕПОРТАЖ: Мал еті – мұқтаж жандарға! (+ВИДЕО, ФОТО)

img 20200731 wa0181 БЕЙНЕЖАЗБА

Atr.kz/31 шілде, 2020 жыл. Құрбан айт – барша мұсылман үшін қасиетті мерекенің бірі.

https://youtu.be/zoHrwkglwxw

Ол биыл елдегі карантиндік шектеу шараларына, адам өмірінің қауіпсіздігіне байланысты өзгеше өтті. Құрбандық шалу тәртібі де өзгерді. Атырау облысы әкімдігі жанынан құрылған арнайы штабта осы мәселе күні бұрын талқыланып, оны ұтымды ұйымдастырудың мүмкіндіктері қаралды. Мұның бәрін жұртшылық түсіністікпен қабылдағаны анық. Оған «Атырау» газетінің тілшісі мереке күні «Тума» базарына арнайы барып, жағдайды бағамдай жүріп, көз жеткізді.

Онлайн-құрбандық шалу

Елдегі кесапат кеселдің одан әріге таралмасы үшін өзгеше шараларды қолға алуға тура келіп отыр. Атырау халқы да қашықтан құрбан шалуды құп көріп, қолда бар малының етін  мұқтаж жандарға таратуға кірісті.

      Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтқандай, қазіргідей карантин жағдайында осындай жаңашылдықты қолға алу туралы шешім қабылданып, онлайн-құрбандықтың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылуда. «Осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады» деді бас мүфти.

Құрбан айт мерекесінде өтініш берген азаматтардың атынан облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құран оқып, құрбандық шалды. Ол аймақ тұрғындарын ұлық мейрамымен құттықтады. 

– Исі мұсылман баласының айрықша, ерекше мейрамы саналатын айтулы күнмен барша ағайынды шын жүректен құттықтаймын. Бұл мейрам – бауырмашылдық пен мейірімді арттыра түсетін мейрам. Осы мерекеде ең басты жасалатын рәсім – құрбандық шалу. Әлемді жайлаған індетке байланысты биылғы құрбандық шалу өзгеше өтіп жатқаны баршамызға мәлім. Осы себепті, мешіт қызметкерлері мен әкімшілік қызметкерлері бірлесе отырып, қашықтықтан құрбан шалып, мұқтаж жандарға тарату рәсімін жасап отыр. Баршамыздың ниетімізді Алла тағала қабыл етсін, – деді Алтынбек Ұтысханұлы. 

Мал еті – мұқтаж жандарға!

       Құрбан айт мерекесі күні «Тума» мал базарында бұрынғыдай мал іздеп, сапырылысып жүрген жұрт көрінбеді. Дегенмен, жолдың келесі бетіндегі жабық тұрған дүңгіршіктерге жеке тұлғалар «Мал сатамын» деген хабарландыруларын іліп кетіпті. Базарға ене алмайтындарын білген тұрғындар сол хабарландыру иелеріне телефон шалып, өз қажеттерін сұрап жатты. Қойдың орташа бағасы 30-35 мың теңгеден делініпті.

      Міне, қолымыздағы құжаттарымызды көрсетіп, біз де базар ішіне ендік. Облыстық әкімдік өкілдері, мешіт қызметкерлері мен еріктілер – бәрі де осында. Сол жердегі құрбандыққа шалынып, еті мұқтаж жандарға таратылатын малдың басы-қасында жүрген ерікті Жасұлан Айдынов базар ауласында 296 қой, 9 сиыр барын айтты. Жаңа сойылған малдың еті облыстық әкімдік ұсынған тізім бойынша ең мұқтаж деген 620 жанға таратылады екен. Бұған қоса мешітке тіркелген 180 адамның да үйлеріне жеткізіледі. Әрине, мұнша жұмысты бір күнде атқару оңай емес. «Бәріне де үлгереміз» деді бізбен арадағы әңгімеде Жасұлан Құрманғалиұлы.

Құрбандық шалу үшін Атырауда 4 мал сою орны ұйымдастырылыпты. Олардың әрқайсысында арнайы өндірістік бақылаушы ветеринарлық дәрігер қызмет етуде. Сондай-ақ, белгіленген орындарда барлық ветеринарлық іс-шаралардың сапалы, заңға сәйкес өтуі мемлекеттік ветеринарлық санитарлық инспекторлардың бақылауында. Qurban2020.kz сайты арқылы өтініш беру 1 тамызға дейін жалғасатынынан көпшілік хабардар. 31 шілде, 1, 2 тамыз күндері де жұмыс жасайтын Атырау облысы әкімдігі жанынан құрылған арнайы штаб қала тұрғындарынан құрбан шалу рәсімін онлайн түрде қабылдап, ұйымдастыра алады.

img 20200731 wa0184
img 20200731 wa0188
img 20200731 wa0189
img 20200731 wa0187
  • СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Әлия ИСИМОВА,

бірінші топ мүгедегі:

Сауапты іс болды

Құрбан – арабтың «жақындау» деген сөзі. Басқаша айтсақ, сауапты іс жасау арқылы жүрегімізді тазартып, Жаратқан иемізге бір табан жақындау. Мен де тағдыр сынағын барынша арқалап келе жатқан адаммын. Бүгінде көрген қиындықтарға да, қазіргі күніме  де – бәріне шүкіршілік етемін.

      Осынау мерекеде бала-шағаммен арнайы мал сатып алып, оны шалып, етін жоқ-жітік жандарға тараттық. Дұға еттік. Басты тілегіміз – еліміздің тыныштығы, бауырымыздың бүтіндігі, сөз жоқ, осынау кеселден тезірек айығуымыз ғой. Алла бәріміздің дұға-тілегімізді қабыл етсін!

Нұрыш САҒЫНҒАЛИЕВА,

Құлсары қаласының тұрғыны:

«65 мың теңгеге бір қой сатып алдық…»

Иә, құрбан шалудың да өз тәртібі бар. «Құдайға шүкір, басымыз аман, деніміз сау, ұрпағымызбен өсіп-өніп жатырмыз» деген ниетпен 65 мың теңгеге ірі қой сатып алдық. Оны мұқтаж шаңырақтарға тараттық. Жеті шелпегімізді пісіріп, дұға бағыштадық.

      Алған-бергенде тұрған ештеңе жоқ. Кейінгі буын оның маңызын түсінбеуі мүмкін. Оларға айтарымыз: бұл – пенденің өзінен өзгелерге деген көңілі таза, жүрегі ақ, тілегі ізгі болуын насихаттайтын бірден-бір мереке. Ықылым заманнан қанымызға сіңген осынау бауырмалдық сезімді біз ешқашан суытып алмауымыз керек. Айтымыз қабыл болсын!

Бәтима АХМЕТОВА,

мүмкіндігі шектеулі жан:

«Елде болса, ерінге тиер»

     – «Атадан алтау тусаң да, басыңа түсер жалғыздық» демейтін бе еді?! Менің де ата-анам, арқасүйер ағам, бауырмал сіңлім бар-тұғын. Бүгінде бәрі де о дүниелік болып, Кенже атты сіңлім екеуміз бір-бірімізге сүйеу болып қалдық. Екеуміздің де мүмкіндігіміз шектеулі.

      Елге, елдегі азаматтарға мың алғыс! Жуырда үйге бір жігіт келіп, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Серік Қамидолланың атынан тағам алуға 18 мың теңгелік купон беріп кетсе, Құрбан айт мерекесіне орай бір белгісіз азамат атынан жаңа сойылған малдың еті жеткізілді. Алла сыйласын бәріңізді, аман болыңыздар!

      Біздің бір байқағанымыз сол, өздерін «біз – еріктілерміз!» деген жап-жас қыз-жігіттер мойындарына «волонтер» бейджигін асып алып, күннің ыстығына қарамастан, үйді-үйлерге ет тасумен жүр. Қолдарында – мұқтаж жандар тізімі. Әйгерім, Мира, Нұрлан… Қойшы, тіпті қайсыбірін атайын?! Сауапты істерің сәтімен, айналайындар, еңбектерің Алладан қайтсын!  

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз