Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Тұрғын үйлер тегін жөнделетін болады

Аtr.kz/16 мамыр, 2019 жыл. Көпбалалы отбасыларға көмектесуге бағытталған «Анашым, біз үйдеміз» телебағдарламасы көрермендерге жол тартпақ. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

Министр атап өткендей, тұрмысы нашар отбасыларға қолдау көрсету — мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға байланысты бастамаларды қолдауға әрдайым дайын. Осы орайда мемлекеттік тапсырыс аясында «31 арнамен» бірігіп «Анашым, біз үйдеміз» атты жаңа жобаны көрерменге ұсынып отырмыз. Мемлекеттен бұл жобаға 130 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы жылдың соңына дейін есептелген. Қалған қаражатты арна басшылығы өзі қосады», — деді Дәурен Абаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, ведомство министрі тележоба аясында 20-дан астам отбасының үйі жөнделетінін айтып, бағдарламаның шарттарын түсіндірді.

«Бағдарламаға қатысу үшін отбасында 4 және одан көп бала болуы керек. Олар «31» телеарнаға өтініш береді. Арнадағы комиссия мүшелері ақылдаса келе, тиісті шешімді қабылдайды. Біз телеарнаға толығымен сенеміз. Жоба аясында 20-дан астам отбасының үйі жөнделеді. Сондай-ақ тележоба Нұр-Сұлтан, Алматыда ғана емес, барлық өңірді қамтиды. Егер отбасының тарихы, жазған хаты телеарнаның редакциясына ұнаса, түсіру тобы ауылдарға да барады», — деді министр.

Осы орайда оның сөзін «31 арнаның» бас директоры Юрий Бродский толықтырды.

«Бүгін әлеуметтік маңызы бар «Анашым, біз үйдеміз» жобасының тұсауын кескелі отырмыз. Оның мақсаты — көпбалалы және тұрмысы нашар отбасылардың үйін жөндеп беру және тұрмысын жақсарту. Бағдарламаның бірінші маусымы 24 бөлімнен тұрады. Бағдарлама Қазақстанның барлық өңірінде түсіріледі. Яғни жобаға 24 отбасы қатыса алады. Бағдарлама одан әрі жалғасады деген үміттеміз», — деді бас директор.

Арна басшысы бағдарламаны түсіру оңай еместігін де атап өтті.

«Себебі логистиканы, экспедицияны, құралдарды жеткізуді есепке алыңыз. Біз үшін ең маңыздысы – мемлекеттің көмегімен отбасыларды бақытты ету. Яғни олардың баспанасын жөндеп беріп, жаңа өмір сыйлау. Екіншіден, біз көрерменге позитивті көңіл-күй сыйлағымыз келеді. Жобамыздың сәтті шыққанын қалаймыз», — деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетсек, «Анашым, біз үйдеміз» бағдарламасы биыл 11 тамыздан бастап «31 арнадан» көрсетіледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button