Жастар неге зұлымдық жаршысы болып жүр?

CHto posmotret na Hellouin Glavnoe foto Жаңалықтар

АҚШ пен Канадада кеңінен таралып, кейіннен Еуропа мен Ресейде танымал болған «Хэллоуин» мерекесі бізге де жетті. Себебі, арамызда осы айтулы күн десе, ішкен асын жерге қойып, мерекелейтін жастар көбеюде. Соңғы жылдары «Хэллоуиннің» түп-төркінін білмей жатып, атасынан қалған дәстүрдей атап өтетін болды. Өкініштісі сол, өскелең ұрпақ зұлымдық бейнесіндегі қорқынышты костюмдер киіп, небір трюктер ұйымдастыруды әдетке айналдыра бастады.

CHto-posmotret-na-Hellouin-Glavnoe-foto

Иә, ұрпағымыздың санасын улап жатқан бұл мерекенің қазаққа еш қатысы жоқ. Тәрбие мен тағылымға толы ұлттық дәстүріміздің «тырнағына да татымайтын» дүниені неліктен думандатып жүрміз? Бізді ойландыратыны да осы мәселе. Қазан айының соңғы күні тойланатын «Хэллоуиннің» қайғылы жағдайларға себеп болып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Биылдың өзінде Колумбияда белгісіз біреулер бес айлық қызды асқан қатыгездікпен өлтірген. Жергілікті биліктің хабарлауынша, тұрғындар сәбиді осы мереке қарсаңында сатанистердің «құрбандыққа шалғанына» сенімді. Қайғылы оқиға Антиокия департаментінің муниципалитеттерінің бірінде болған. Ең өкініштісі, мұндай жағдай біздің елімізде де тіркеліп отыр. Оқиға Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде болған. Мерекелік кеште қорқынышты декорация ретінде белгілі бір қойылым кезінде «дарға асылған» кәдімгі адамдардың бірі көз жұмды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша адам өліміне сол сәттегі миокард инфаркті себеп болғаны анықталды.

Осылайша, еуропалықтар ұғымындағы «өлгендердің рухтары жер бетіне қайтып келе алатын жылдың жалғыз күні» талай адамдардың өмірін алып кетіп жатыр. Ендеше, жастарымыз неге осындай зұлымдық жаршысын жариялауға құмартып жүр? Олар шын бет-бейнесін жасырып, жын-періге айналу арқылы нені көрсеткілері келеді? Ұлтымызға жат дәстүрді тойлаудың қажеті қанша? Жалпы, «Хэллоуин» деген не?

Көш басында – түнгі клубтар

Бізге қысқарып жеткен ағылшынның «Halloween» сөзі «All Hallows Even» немесе «All Hallows Eve» деген сөздерден шыққан. Анықтап айтсақ, «барлық әулиелер кеші» дегенді білдіреді. Еуропадан АҚШ-қа көшкен иммигранттар осы мейрамды алып келгеннен кейін, тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. «Хэллоуинде» ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар дәстүрге айналған. Демек, «бұзақылықты насихаттайтын мерекенің оларға не қажеті болды?» десеңіз, мұны АҚШ-қа иммигранттар әкелгендіктен, оның түпкі мақсаты да түсінікті болады. Аталмыш мереке 1950 жылдан бастап коммерциялық тұрғыдан пайда әкелетін құралға айналған.

Ал, біздің елде бұл бизнестің көшін бастап тұрған – түнгі клубтар. Соңғы кездері қазан айының аяқ жағына қарай сауда орталықтары мен дүкен сөрелерінен қорқынышты костюмдер мен бетперделерді және өзге әшекейлерді көзіміз шалатын болды. Жеке басының құлқы мен қаржы табуды ойлайтын олардың пиғылдары түсінікті. Еліміздегі кейбір қоғамдық ұйымдар, оқу орындары мен кітапханалардың осындай шараға ұйытқы болғанын естігенде «дерттің» әбден дендегенін сезіндік. Мұндай сұмдыққа дер кезінде тоқтау болмаса, ұрпағымызды неге ұрындырары белгісіз. Сондықтан, мешіт имамдары мен үлкендеріміз жас өскіндердің санасын әбден уландырып алмас үшін «Қазірден бастап «Хэллоуинді» тойлауға тосқауыл болу керек» деп дабыл қағуда.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

– Осыдан екі-үш жыл бұрын магистратурада оқып жүрген кезімде қазақтардың «Хэллоуинді» тойлап жатқан сәтіне куә болған едім. Мерекенің студенттер арасында ұйымдастырылуына оқу орнының өзі ұйытқы болып отырғандықтан, магистранттар аудиторияларын безендіріп, мұғалімдерімен бірге атап өтті. Магистранттардың барлығы жастар бола бермейді. Сондықтан, жастарды ғана кінәлау дұрыс болмас. Сол кезде менде «Бұл біздің санамызға соншалықты қалай тез сіңіп кетті? Адамдар не себепті жан-дүниесімен беріле тойлап жүр?» деген сан сауал туындады. Бұл мерекенің түпкі мақсаты – әр нәрсеге еліктегіш келетін, есейіп, білім алып, ата-анасына енді қолғабыс ете бастаған жастарымыздың санасын улау, ұлттық дүние мен тәлім-тәрбиенің тамырына балта шабу деп түсінемін. Әрине, шариғатта да мұндай нәрселерге мүлде тыйым салынған. Өйткені, ешқандай мән-мағынасы, негізі жоқ, әріден қарағанда басқа бір дін өкілдерінің тармағына барып тіреледі. Сондықтан, мемлекет тарапынан, жан-жақтан мұндай мейрамдардың тойлануына қатаң түрде тыйым салыну керек деп санаймын. Өз бетімен кетер болса, санамызға сіңіп, қоғамдық күш алып, бір ғана  емес, бұдан көп адамның өмірін құртуы мүмкін. Ал, ұрпақ тәрбиесі алдында бәріміз жауапты екенімізді ұмытпағанымыз дұрыс, – дейді Атырау қаласына қарасты Жұлдыз ықшамауданындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

Аталған мәселе жөнінде біраз жасқа да сауал жолдап көрген болатынбыз. Солардың арасында Айнұр есімді студент алдымен «Instagram» желісіне жарияланып жүрген фотосуреттерге назар аудара бастағанын айтты. «Күніне 7-8 сағат әлеуметтік желіде отырамын. Бұрын-соңды естіп-көрмеген «Хэллоуинді» интернет арқылы біле бастадым. Оған менің қатарластарымның да қызығушылығы жоғары. Өлі адамның кейпіндегі суреттері басында біртүрлі көрінгені  рас, бірақ, кейін әдеттегі жағдай секілді бойым үйреніп кетті» деді ол.

Иә, біз жамандықтың жаршысы санаған «Хэллоуинді» орта буын өкілдері мен жастар бар жанымен тойлап жүр. Ең  қорқыныштысы, олар мұны қалыпты жағдай санайды. Тіпті, мектеп оқушылары беттерін гримдеп, әлеуметтік желілерде  бір-бірін «Хэллоуинмен» құттықтауды сән ете бастаған. Ал, біздің көкейдегі бір мәселе, ол – салғырттық салдарынан сан соғып қалмау…

Жаннат САБЫРҒАЛИЕВАЖастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

– Аймақта «Жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау» жобасы аясында  бірнеше шаралар қолға алынған. Өткен наурыз айында «Ұлы даланың ұлттық дәтүрлері» форумы аясында жастар арасында Жаппай көрісу акциялары өтсе, салт-дәстүрлерді жаңғырту, қоғамдағы ана рөлінің маңыздылығын ұғындыру мақсатында «Тәрбие бастауы – анадан» атты облыстық жас келіндер байқауы ұйымдастырылды. Этникалық киім брендтері арқылы мәдени мұраны қайта жандандыруды көздейтін «Qazaq FEST 2018» этномәдени фестивалі мен «Отбасым–байлығым» атты жас отбасылар форумы өтті. Сонымен қатар, осы айда мектеп оқушылары арасында «Ханталапай» зияткерлік сайысын өткізу жоспарлануда. Мақсаты – оқушылардың интеллектуалдық деңгейін арттыру және салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтар туралы терең меңгеру.

P.S: Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Атырауда «Boyau Fest – 2018» жүгіру фестивалі өтті. Оған бес мыңға жуық адам қатысып, әр бес шақырым сайын жүгіріп бара жатқандардың үстіне еріктілер қызылдыжасылды бояу шашты. Ұйымдастырушылар «Салауатты өмір салтын насихаттау шарасы» дегенімен, бояуға шомылған адамдар Үндістанның «Холи» мерекесін көзге елестетті. Ал, жуырда қаладағы  қоғамдық көліктің бірінде ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған орыс қызының «Сегодня Хэллоуин. В полночь с дружками собираемся на кладбище, разведем костер, потревожим мертвых» дегенін өз құлағыммен естідім.

«Холи» мен «Хэллоуиннің» қазаққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайды.  Мұны асылдың сынығындай дәстүрімізбен мүлде салыстыра да, байланыстыра да алмайсың. Себебі, қазақтың ұлттық салты тәлім-тәрбиеге, өнеге мен қасиетке толы. Тек соның қадірін түсінер қаракөздеріміз көбейе түссе екен дейміз…

Мәлике Қуанышева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз