Жарнама
Жаңалықтар

ТУҒАН ТОПЫРАҚТАҒЫ ТОЛҒАНЫС

 

«Сонау Кетбұға, Сыпыра жыраудан бастап, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Махамбет жырларындағы отты леп, батырлық рух, азаматтық ұстаным, отаншылдық сарын Фариза жырлары арқылы болашақ мінберінен сөз алады. Сондықтан, алақандай Манаштан туып, айдай әлемге атағы мәшһүр болған поэзия патшайымы қазақ деген халық барда өлмек емес. Ол – біздің, өлеңді сүйетін, өнерді қадірлейтін әр адамның жүрегінде»,- деді  аймақ басшысы тебіреніп тұрып.

Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов: «Өміріне адалдықты ту етіп ұстап, қазақ қызы деген атқа кіршік түсірмеген қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі жүректерден өшпек емес. Ол жастайынан қиындықты көріп өскенімен, жігерін жасытпады, мойымай алға ұмтылды. Өмірдің өзін қамшылаған тұстарын өлеңмен өрнектеді. Азамат көтерер жүк көтерді. Бауырларының, қала берді басы ауырып, балтыры сыздаған қаншама адамның қамын ойлады?! Міне, бүгін елі ақын қызын еске алып жатыр. Ол кісіні өлді деуге болмайды, оның енді екінші, мәңгілік ғұмыры басталды»,- деп Парламент депутаттары атынан ақын рухына бас иді. Онымен бірге бұл еске алу рәсіміне Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаттары Асхат Бекенов, Жалғас Дүйсенғалиев та келіп, ақын апасының рухына тағзым етті. 

Ақтөбе қаласынан арнайы ат терлетіп келген Фариза Оңғарсынованың рухани інісінің бірі, Алашқа аты мәлім ақын Мейірхан Ақдәулетұлы былайша толғанды: «Апам туралы еске алу сөзін қалай айтуға болады? Әлі есімде, апамыздың 65 жасқа толған мерей тойында:

«Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

Кемтар етпей, кенде етпей ар-cанадан.

Ғұмыр бітті.

Мен кешкен сәттің бірін,

Сезіне алмай өтеді қаншама адам» деген өлеңін оқып, құттықтағанымда апай толқып, көзіне жас алған болатын. Иә, ол кісі өз тағдыры туралы осындай ірі сөздерді соңына қалдырды. Ақынның өзі өлсе де, соңында жыры қалар деген — осы. Фариза ақын  – бақытты адам, өйткені, оны көзі тірісінде мойындаған халқы соңынан жылап, жоқтап жатыр»…

Есімі оқырмандарға жақсы таныс, Атыраудың арда ұлдарының бірі, көрнекті жазушы, «Өлке» баспасының бас директоры Мереке Құлкенов те туған жеріне ат басын арнайы бұрған екен: «Қасиетті қаламымен қазақ поэзиясының алтын қорына өлмес мұра қалдырған қазақ халқының ақын қызы Фариза Оңғарсынова халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Ол кісі құм Нарынның бір бүйіріндегі ешкім білмейтін, кішкене ғана Манашты Қазақстанның төрт бұрышына әйгілі етті. Адамгершілік болмысымен, кесіп айтар мінезімен халқының жүрегінен орын алды. Кімге де болсын жағынбай өмір сүрді. Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Әбділда Тәжібаев сияқты қазақтың классик ақындары оны сонау поэзия табалдырығын имене аттаған сәтінен бастап мойындаған болатын. Ол тумысынан ақын еді, кейбіреулер әдебиетке бірте-бірте қалыптасып келеді, Фариза ақын өзінің туабітті дарынымен ағаларының алақанында қазақ поэзиясының төріне жайғасты. Сол биіктен түскен жоқ»,- деп өзін қамқорлаған, соңынан ерткен ақын апасын жүрегі елжірей еске алды.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Жазушы» баспасының директоры, көрнекті ақын Есенғали Раушанов та Фариза апасының бөлек болмысын еске алды: «Мен Фариза Оңғарсынова деген қазақтың аяулы ақын қызын жан-жүрегіммен жақсы көремін. Кейбіреулер ойлағандай, ол кісі мені көп қолдаған емес. Қайта үнемі ұрсып жүретін, сол арқылы өнердегі жадағайлықтан, жасандылықтан сақтандыратын. Мәселен, мені Мәскеудегі бүкілодақтық журналдың бас редакторы етіп тағайындау үшін ұсыныс жасағанда: «Сен әлі ондай лауазым үшін жассың. Мен саған дауыс бермеймін»,- деген еді. Одан кейін Қазақстан комсомол сыйлығына ұсынылдым. Апам онда да: «ренжіме, мен саған дауыс бермеймін»,- деп ашығын айтты. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдым. Сол кезде де апам өзінің маған дауыс бермейтінін ашық білдірді. Мен ренжіген жоқпын. Өйткені, ол – апам ғой! Мені асып-тасудан, халтурадан сақтандырды. Мен туралы кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, кітап жазылғанда да: «Сен ешкімге сенбе. Олар өтірік мақтайды»,-деп Абайдың өлеңін еске салатын. Сол үшін де апамды құрметтеймін».

Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев пен Атырау қаласының Құрметті азаматы Меллят Сабырованың да жүрекжарды естеліктері жиналғандарды толқытпай қоймады. Фариза ақын бейнесі әр жүректе бұрынғыдан да асқақтай түсті.

Атақты айтыс ақыны Аманжол Әлтаев жүргізген еске алу рәсімі ақынды сағынған жұртының көңілінен шықты. 

Ақынның ізін жалғастырушы ақын сіңлілері – халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегерлері Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш рухани анасы, өмірдегі панасы болған апаларына арнап жан жүрегін жарып шыққан өлеңдерін оқыды.           

Ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, бірге өскен, ақынмен сырлас-мұңдас болған жандар өз естеліктерімен бөлісті.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button