БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫ АНТИКОРРУПЦИЯЛЫҚ САЯСАТ КОНЦЕПЦИЯСЫ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

screenshot 20220126 095335 Жаңалықтар

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы бұл жолы бизнес қауымдастығы өкілдерімен талқыланды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау бойынша бизнес саласында құқықтық сананы қалыптастыру және тұжырымдама жобасы бойынша ұсыныстар жинау.
Аталған мәселе туралы баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басқарма басшысының орынбасары Гибат Кукатов Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың Жалпыұлттық жоспарына сәйкес жасақталған Концепция жобасы алдағы бес жылды қамтитынын айтып, оның негізгі бағыттары туралы түсінік берді.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық мәселесі терең, жан-жақты зерделеніп, бұл мәселені шешу үшін Концепцияда 6 міндеттер топтамасы қаралған. Олар: сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру; жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайту; жауапкершіліктен бұлтара алмауды қамтамасыз ету; азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлықпен күреске одан әрі кеңінен тарту; сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мониторингілеу; жемқорлыққа қарсы қимыл жасайтын өкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.
Аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Д. Ақуан өз сөзінде корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеу кезінде кәсіпкерлердің пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес профилактикалық сипатқа ие болып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Бүгінде біздің қызметіміздің акценті жүйелі проблемаларды шешуге ауысып, парасаттылық идеологиясын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бизнес-қауымдастық бұл бастаманы шын жүректен қолдайды деп сенемін», – деп түйіндеді Д. Ақуан.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов көтерілген мәселенің маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға антикоррупциялық саясат Концепциясының жобасын мұқият зерттеп, ұсыныстар енгізу қажеттігін айтты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды тұрақты түрде іске асыруды тапсырды.
Кездесуге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз