ТОҒЫЗ ЖАСТАҒЫ ІНЖУДІҢ ТАЗА ЖЕҢІСІ
Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. Польша елінің Марки қаласында 22-24 наурыз күндері 2010 жылы туылған қыз балалар арасында дзюдодан «Same judo Cup 4» халықаралық турнирі болып өтті.
Әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 1250-ге жуық спортшылар қатынасқан бұл жарыста Қазақстан құрамасы да бақ сынады. «БАРЫС» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының шәкірті Зинеден ауылының тумасы Інжу Жұмажан Қазақстан құрамасы сапында 28 кг салмақ дәрежесінде боз кілемге шыққан болатын.
Алғашқы белдесуін Германия елінен келген қарсыласына ескерту әдісі бойынша есе жіберген Інжу, жеңілістен мойымай керісінше жігерлене түсті. Жігерлі күш-қайратының арқасында қанағаттанарлық белдесулерінде Франция, Польша, Румыния елдерінен келген қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, ІІІ орын үшін болған белдесуде жарыс қожайыны Польша елінің спортшысын таза жеңіспен ұтып, жарыстың қола жүлдегері атанды.
Інжудің салмағы 28 кг-ға жетпейтінін ескеретін болсақ, бұл біздің шәкіртіміз үшін үлкен жетістік деп білеміз. Қолдау көрсеткен ата-анасына және демеушілік жасаған «RAN-AS» ЖШС директоры Нұғманов Рахметолла Таңатұлына алғысымызды білдіреміз.
Тұрар РИЗУАНОВ,
жаттықтырушысы.