«БОЛАШАҚ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ – БІЗДЕР»

«Елімніңтағдырыменіңтағдырым» девизіменреспубликадабастауалғанфорумАтыраудадажалғасты. ЖастарН.Жантөринатындағыоблыстықфилармониядабасқосты

«Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып, «Елім, жерім!» деп еңбек етіп жүрген жас буын өкілдері жиналды. Олардың ішінде мемлекеттік органдар, білім мен денсаулық сақтау, спорт саласы, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері мен студент-жастар болды. Форумның ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Оразбек Қасымов сөз сөйлеп, республиканың әр түкпірінде өтіп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды.

 

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жеткен жетістіктеріміз аз емес. Мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Ендігі уақытта қол жеткізген әр жетістігімізді бағалап, оны көздің қарашығындай сақтау – басты міндет. Сондай-ақ, Елбасы айтқандай, Мәңгі ел болу үшін сол құндылықтарымызды дәріптеп, алға басу қажеттігін жас ұрпаққа жеткізу қажет, – деді ол шараға жиналғандарға.

Одан әрі форумға қатысушы әр сала өкілдерінің жетістіктері таныстырылып, олар Отанға деген сүйіспеншілік, Қазақстан халқының тарихына, мәдениетіне және дәстүрлеріне құрмет жайында әңгіме өрбітті.

Облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева озық отыздыққа енуде жастардың ең алдымен жан-жақты сауатты болу қажеттігін айтып, бұл ретте көп ізденіп, кітапты көп оқудың керектігіне тоқталды. Ал, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық дамуымен қатар, дәстүрлі Ислам дініне ерекше маңыз беріп отырғаны жөнінде әңгімеледі.

«Заман өзгереді, ал дін – мәңгілік» немесе «Бәрінен бұрын біз үшін Ислам – өзімізді-өзіміз таныта алудың мүмкіндігі» деген Елбасымыз асыл дінімізге қамқорлық жасап келеді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының құрылуы, мешіт-медреселердің салынуы – осының айғағы. Шүкір, әрбір облыс орталықтарында, ауылдарымызда мұнарасы көкпен таласқан, сәні мен салтанаты жарасқан әсем мешіттеріміз сонадайдан «мен мұндалайды». Сөйтіп, Тәуелсіздік таңы атқаннан қазақ жастарының мұсылман елдерінде білім жетілдіруіне мүмкіншілік жасалды» деген Батыржан Берденұлы «Елім маған не береді?» деп емес, «Мен еліме, мына кең-байтақ Отаныма не беремін?» деген оймен қызмет ету қажеттігін айтты.

Ел болашағы – жастар. Ал, болашағымыз жарқын болуы үшін өскелең ұрпақтың дені сау болуы тиіс. Бұл ретте облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева медицина саласындағы жетістіктерін жастарға үлгі етсе, №1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Айсұлу Қаламғалиева спорт – денсаулықтың басты кепілі екенін баса айтып, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды. Ал, жастар атынан сөз алған «WorkandLife» тренинг орталығының жетекшісі Нұрлан Азаматов нағыз азамат болып қалыптасудың негізгі тетіктеріне тоқталды.

Іс-шара аясында облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бір топ жас Алғыс хатпен марапатталып, оларға гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз