ТИІМДІЛІК КӨЗІ – ҮНЕМШІЛДІКТЕ
— Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикасында дағдарыстың жоқтығына тоқталып, келеңсіздіктердің сыртқы нарықтың әсерінен болып жатқандығын айтқан болатын. Мәселен, мұнай бағасының төмендеп, өзге де экспортқа шығарылатын шикізат бағаларының арзандауы кез-келген компанияларға әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда, Мемлекет басшысы кәсіпорындарда өнімділік аз болса да, халықтың әлеуметтік жағдайына кесірін тигізбеуді, жұмыс орындарын қысқартпауды міндеттеді. Кәсіпорындарды қолдаудың жалғасатынын, өнеркәсіптің күйреуіне жол берілмейтінін және жұмыс орындарының сақталатынын, индустриялық-инновациялық бағдарламалардың тиімділігіне қарай тоқтамайтынын, жүзеге асырыла беретінін айтты. Яғни, дағдарыс немесе қиын-қыстау кезеңде де елдің экономикалық жағдайы, соның әсерінен халықтың әлеуметтік ахуалы төмендемейді деген сөз. Сондықтан, Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қарастырылған қаржының көлемі қысқартылмайды, — деген мәжілісмен Сейітсұлтан Айымбетов мемлекеттік бюджетті үнемдеу мақсатында тоқтатылатын нысандардың қатарында тұрғын үйлерге қатысты құрылыс жобаларының болмайтынын айтты.
— Дәл қазір өтіп жатқан Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бюджет нақтыланады. Елбасы Үкіметке республикалық бюджетті үнемдеуді тапсырды. Балабақша, мектеп, аурухана құрылыстары да тоқтатылмайды. Елбасы биылғы бюджетті нақтылаған кезде 200 миллиард теңгені резервте ұстау керектігін айтты. Сондықтан да, қандай жағдай болмасын, мектептер де, жоспарланған тұрғын үй құрылыстары да тоқтатылмайды, — деді халық қалаулысы. Өз кезегінде осы мәселе бойынша ойын ортаға салған депутат Айгүл Соловьева «Дағдарыстың алдын-алу жұмыстарының басты мақсаты азаматтарымызды жұмыссыз қалдырмау болып табылады. Бұл Елбасы тапсырмасы. Құрылыс – жұмыспен қамтудың бір бөлшегі және экономикалық дамудың бір бөлігі. Сол себепті, құрылысқа қатысты барлық бағдарламалар сақталып қалады» деп атап айтты.
— Біз – экономикамыз сатылап өсіп келе жатқан елміз, — деп жалғады сөзін депутат С.Айымбетов, — мәселен, 1990 жылы ішкі жалпы өнім 11 миллиард АҚШ доллары болған. 2010 жылғы есеп бойынша ол 232 миллиард долларға жетті. Өсім көрініп тұр. Ал, республикалық бюджет 1993 жылы 72 миллиард теңге болса, қазіргі нақтылайтын бюджеттің өзі 6,5 триллион теңгеге тең. Сондықтан, біздің еліміз қарқынды өсіп келе жатқан елдердің қатарында. Біз тәуелсіздік алған жылдары бюджеттің 1,5 миллиард доллар болғандығын ескерсек, Елбасы айтып өткеніндей, қазір бізге ешқандай қорқыныш жоқ. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтарға төтеп бергенбіз. Ендеше, бүгінгі күні қандай да дүлей дауылдарды еңсере алатын жағдайымыз бар.
Депутат айтқан тағы бір жаңалық сол, индустрияландыру картасы бойынша биыл құны 600 миллиард теңгеден асатын, 7,5 мың тұрақты жұмыс орны қамтылатын 75 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2011 жылы – 677 миллион, 2012 жылы – 5 миллиард, 2014 жылы 23 миллиард, ал 2015 жылдың 1 ақпанына дейiн 38,9 миллиард теңге бөлiнген. Осыған сәйкес, 2011 жылы 13,2 мың жұмыс орны сақталса, 2014 жылдың бiрiншi қаңтарында бұл көрсеткiш 172,7 мыңды құрады. 2011 жылы 4,8 мың жаңа жұмыс орны ашылса, қазiргi уақытта бұл көрсеткiш 50,6 мыңға жеттi. Осы мәселелер жөнінде баяндаған депутат Айгүл Соловьева Мемлекет басшысының Үкiметке бұл бағдарламаны әрi қарай жалғастыруды тапсыруының астарында үлкен саясат жатқанын айтты.
— Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық жағдайлар егжей-тегжейлі сарапталып, еліміз үшін ескерілуге тиіс негізгі сын-қатерлер де жан-жақты әңгімеленді. Оның ішінде, шағын және орта бизнесті дамыту– Елбасы тарапынан шет қалмаған. Аталмыш салаларды дамыту дағдарысқа қарсы iс-шаралардың негiзгi үлесiн құрайды. Мемлекет басшысы «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасына оң бағасын берiп, оны жалғастыруды тапсырды. Айта кетейiк, 2015 жылы бұл мақсатқа 100 миллиард, 2016 жылы 100 миллиард, агроөнеркәсiп кешенiне 500 миллиард теңге бағытталады. Қазiргi уақытта Үкiмет жұмыс жасап жатыр, менiң бiлетiнiм, қолдау құралдары 20-ға дейiн артады, оның 12-сi қаржылық және 8-і қаржылық емес көмек болады, — деп атап өтті халық қалаулысы.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.