Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Жуырда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Отбасы құндылықтары, ұрпақтар сабақтастығы, ата-ана болудың, дүниеге бала әкелудің маңызы, жауапкершілігі, үлгілі ата-ана атанудың қыр-сырымен бөлісіп, озық тәжірибелерімен сырылып алға шығып жеңімпаз атанған жанұялар марапатталды.

Отбасы институтын қалыптастыру, адамгершілікті, руханилықты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру мақсатын көздеген байқау биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Дәстүрге айналған шара бүгінде ұлттық байқау деңгейінде жалғасып келеді.

Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді. Мемлекет басшысы әр жылдағы халыққа арнаған Жолдауларында да отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселелерін тұрақты қозғап келеді.

«Отбасы – Отанның ошағы» дейтін болсақ, шағын мемлекет асқар таудай әкеден, мейірімі мол анадан және тәрбиелі баладан тұрады. Шаңырақтың берекелі болмағы отағасы мен отананың ақыл-парасатына байланысты. Ұлттық «Мерейлі отбасы» шарасының үлгілі отбасыларды өскелең ұрпаққа үлгі етуде маңызы зор. Осы орайда аталған байқаудың өңірлік кезеңіне биыл 69 үміткер қатысса, оның 16-сы облыстық финалға жолдама алған болатын.  

Бәйге болған соң, бірі жеңіс тұғырынан көрінсе, енді бірі жеңіліс табады. Сонымен, «Жүйріктен жүйрік шығар жарысқанда» демекші, шашаларына шаң жұқтырмаған Бекеновтер отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында оза шауып, бас жүлдені қанжығаға байлады.

«Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады» деген қағиданы берік ұстанған бұл отбасы мұнайлы мекенге көненің көзіндей болған салт-дәстүрлерді дәріптеуші, ынтымағы жарасқан әулет ретінде танылды.

Жанұя – сыйластық пен жарасымдылық орнаған орта, шағын ғана мемлекет. Оның берік болуы ата-ананың ынтымағы мен балаларына берген өнегелі тәрбиесіне байланысты. Сонысымен де өзгелерге үлгі болмақ. Осындай жанұялардың бірегейі индерлік Жағыпар Құрманғалиевтің    әулеті. Бабы мен бағы келіскен аталған отбасы ұлттық байқаудың бірінші орын жүлдесіне ие болды.

Байқаудың екінші байрағы Құрманғазы ауданынан арнайы қатысқан Бимурзиевтар отбасына бұйырды. Олардың өмірлік ұстанымдары – «Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның ісі».

Ал, бұл сайыста жүлдегерлер қатарынан көрініп, үшінші орынға табан тіреген исатайлық Тахаевтардың отбасы мүшелері өңірге беделі биік, береке-бірлігі жарасқан шағын мемлекет ретінде жақсы таныс. «Әркім өзінің игілігіне еңбек етсін, сонда мемлекеттің де игілігі артады» дейді олар.  Сыйластық, татулық, өзара келісім, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету сынды асыл қасиеттер көрініс тапқан  отбасының беріктігі мен бірлігі көпке үлгі.

Мұнайлы мекен – қашаннан өнегелі әулеттер мен ұлағатты отбасыларға бай өңір. Жылыойлық Аманжол Оразғалиев пен Рита Қаражанова студенттік кезде танысып, достасып, бас қосқан. Бүгінде үлкен әулеттің бәйтеректері. Олар құрған шаңыраққа 41 жыл толып отыр. Аманжол – музыкант, жұбайы Ританың мамандығы биология пәнінің мұғалімі. Ұрпақтарын білімге, әдептілікке, адамгершілікке, адалдыққа, бірлікке баулып келеді.  Балалары заман талабына сай жоғары білім алып, бүгінде әр салада қызмет етуде, өз ортасына сыйлы азаматтар.

– Ең бастысы – еңбек және  адамгершілік қасиет. Осы екі қасиет болса,  отбасында бақыт болады. Ұлттың болашағы  сонау бесіктен қалыптасады. Қай ел болмасын, барлық тәрбиені отбасынан қалыптастырады. Мәңгілік ел болу үшін алдымен отбасы түзелуі керек. Салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғыруы қажет. Тіліміз өркендеуі тиіс. Сонда ғана біз ұлт боламыз. Сонда ғана Мәңгілік ел боламыз,-дейді отанасы бізбен әңгімесінде.

Тәлімі мен тағылымы жарасқан ұлттық байқау өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, әсем әуен мен тәтті күй көпшіліктің көңіл-күйін одан әрі көтеріп тастады. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button