Темір тұлпарға темір емес тұлпар кедергі келтіруде
Соңғы кезде жол қозғалысына кедергі келтіретін жылқылардың көбейгендігі жөнінде көлік жүргізушілерінен жиі шағым түсуде.
Аталған мәселені шешу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жуырда облыс орталығындағы көшелерде жасыл желекті жайпап жүрген 12 жылқы айыппұл тұрағына тоғытылды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз орталығында хабарланғандай, биыл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-ші – «Қаланы абаттандыру қағидаларын, инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою немесе бүлдіру» бабы бойынша малы қараусыз қалған 17 азаматқа қатысты хаттама толтырылған. Аталған құқықбұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынады. Ал, егер аталған сома жеті жұмыс күні ішінде төленсе, жартысы ғана өтелмек.
Аман ШАМАР